378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылықтар қала қазынасындағы қаржыны жұмсауға қатыса алады

  • 141
  • UPD: 13:49, 30.05.2019

Қалалықтар шаһар қазынасындағы қаржыны жұмсауға қатыса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бюджеттік қатысу» деп аталатын бұл жоба қала тұрғындарының ұсыныс, пікірлерін ескере отырып, белгілі бір істі жүргізуге негізделген. Жаңа бастама қашан іске асады?

Биыл Алматыда әлеуметтік жобаларды іске асыруға қосымша 13 миллиард теңге бөлінеді. Енді бюджет қаржысын тиімді жұмсауға қала тұрғындарын да қатыстыру жоспарланып отыр. «Бюджеттік қатысу» жобасына да әр тұрғын шаһарды көріктендіріп, абаттандыруға байланысты өз пікірін айтады. Барлық ұсыныс «Open Алматы, яғни ашық Алматы» қоғамдық қабылдау орнында және ресми сайтында тіркеледі. Порталға кіріп, жазба қалдыру үшін тұрғынның электрондық қолтаңбасы болуы қажет.  

Бекнұр Қисықов, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Бұл – тәрбие. Бюджеттік тәрбиелік. Сондықтан бізде жаңа мәдениет құрылып жатыр.

Бірақ әзірге бұл жоба ғана. Сондықтан ресми сайтта «Бюджеттік қатысу» бағдарламасының бөлімі ашыла қойған жоқ. Бұл әлемдік тәжірибені Ресей, Бразилия мен Оңтүстік Корея елдері қолданып отыр. Жобаға сәйкес әр ауданға 500 млн теңге бөлінбек. Тұрғындар тарапынан түскен ең ұтымды ұсыныстарды қоғамдық кеңес отырысы қарастырып, мақұлдайды.

Ілияс Өсеров, қала әкімінің орынбасары:

– Бір жобаға бір адам дауыс беру мүмкіндігі бар. Ең көп жинаған жобалар олар ең жоғарғы сатыда тұрады. Оларды біз бірінші қараймыз. Себебі неде? Біріншіден әр ауданға 500 млн теңгеге дейін лимит тұрады. Миллиард теңгеге дейін жобаларды жинасақ, рейтінгі жоғары жобалар 500-ге дейін қараймыз да, оларға бірінші қаржыландыру қарастырылатын болады.

Жалпы биыл қала бюджеті қайта қаралып, қажетсіз шығындар қысқартылып, 8,6 миллиард теңге үнемделді. Бұл қаражат қала тұрғындарының жағдайын жақсартуға жұмсалмақ. Жоспарға сәйкес келесі жылы жүзеге асырылғалы отырған «Бюджеттік қатысу» бастамасы іске асқан жағдайда, коммуналдық, инженерлік жүйелерді жүргізу немесе үй аулаларын ретке келтіру снды жұмыстар қала тұрғындарының өтініштерімен жасалуы ықтимал. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы