389,60 428,03 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жоғалған 30 баладан осы уақытқа дейін ешбір хабар жоқ

  • 268
  • UPD: 20:13, 30.05.2019

Табылған біреу, табылмағаны қаншама. Статистика бар. Ел бойынша 30 шақты бүлдіршін ұшты-күйлі жоғалып кеткен екен.

Қайда екені беймәлім. Жалпы баладан көз жазып қалғанда ең алдымен нені ескеру керек? Мамандар қандай кеңес айтады?

Бұл Мейрам есімді азамат. Екі жасар ұлынан көз жазып қалған әке осы. Соңғы рет мына жерде көрген екен. Ойын баласы есік алдындағы балалар алаңында асыр салып жүріпті. Содан шарбақтан шығып, үйден алыстап кеткен. Белгісіз жаққа. Суға құлап, батып кетуі кәдік деген болжам да болған. Алайда әке жоғалған баласынан бір хабар болар деп үмітін үзбеп еді. 

Мейрам Дәріғұл, жоғалған бүлдіршіннің әкесі:

- Ендігі суда болса бала шығар еді су бетіне. Кішкентай бала ғой. Су бетіне шығар еді қалқып. Жеті ай болды ғой. Тірі болсын деп өзім ойлаймын да. Жүрегім солай ойлайды, тірі шығар. Судан табылмаған соң ол бала тірі шығар.

Әкенің ет жүрегі езілгенмен, амал не?! Екі жасар баланың тек сүйегі ғана табылды. Тек бұл азамат емес, ұлын жоғалтып, жүрегі езіліп отырған.

Ел бойынша жыл басынан бері 140-тан астам бүлдіршін мен жасөспірім із-түссіз кеткен. Басым бөлігі дін аман үйіне оралып, отбасымен қауышыпты, абырой болғанда. Десе де әлі отыз шақты бала табылмай жатыр. Қайда кеткені беймәлім.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:

- Жоғалған 100 баланың басым көпшілігі бірден табылады. Егер жүрген жері анықталмаса, іздеу жұмыстары басталады. Ол кешенді түрде өтеді. Тіпті халықаралық іздеу жарияланады. Интерполдың дерегінше, қазір халықаралық іздеуде 17 бала жүр. 

Жаз келді. Ойнап, жүгіріп кетеді көп бала. Бұл бір. Екіншіден, отбасындағы жанжал да үйден кетіп қалуға себеп болады екен. Адасып кеткен жағдайда не істеу керек өзі? Бұл тұрғыда кеңес беретін арнайы орталық жұмыс істейді. Мамандары өз-өзіңізді қорғау әдістерін үйретеді. Қауіпсіздік талаптарын тәптіштеп түсіндіреді.

Әлия Адамбаева, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орталық жетекшісі:

- Қазақ балалары ұяң келеді. Егер жоғалып кетсе, бар дауысымен көмек сұрауға ұялады. Немесе әлгі бүлдіршін өзін алып кеткен адамды танымаймын, осыдан мені алып қалыңызшы деп қасынан өтіп жатқан кісілерге айта алмайды. Қысылады. Салдарынан кей бала педофилдер мен ұрылардың құрбаны болады. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін ұл-қызына әр ата-ана үйретуі қажет.

Баланың көңілі далада. Осы мәтелді ұмытпаған жөн. Көпшілік арасында, көшеде бүлдіршіннің қолынан ұстап жүріңіз. Қараусыз қалдырмаңыз. Мамандардың кеңесі осы.

Әйтпесе ай мен күннің аманында аулада жүрген ұлынан көз жазып қалған Мейрам Дәрігүлдің жағдайын көріп отырсыз. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Гүлнар Ерманова, Марина Золотарёва, Ержан Рахманбердиев, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы