387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да құрбандарға қатысты құжаттар қолжетімді

  • 527
  • UPD: 14:55, 31.05.2019

Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпараттар қолжетімді бола түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ақпараттық сараптамалық орталығында қазір 8 мыңнан аса саяси қуғын-сүргін құрбаны туралы мәлімет сақтаулы. Жазықсыз жапа шеккен туыстарын іздейтіндер үшін Ішкі істер министрлігінің қолдауымен құрылған «Мемориал» атты сервис қызметінің де пайдасы мол.

БҚО ПД мұрағатында саяси қуғын-сүргінге ұшырған 8594 адам туралы ақпарат бар. Олардың қатарында қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АССР-нің Халық әртісі Жұмат Шаниннің де ісі бар.

Тағдыр теперішіне тап болғандардың дені сұраусыз кетті деуге болмайды. Көп жағдайда олардың туыстары мен зерттеуші ғалымдар, қала берді қоғамдық ұйымдар тарапынан жиі сұрау салулар түсіп тұрады. Солардың бірі Айболат Құрымбаев кезінде негізсіз айып тағылып, сотталып кеткен атасы Аманша Шақаев туралы мәліметті осы жерден тауыпты. 

Айболат Құрымбаев, қала тұрғыны:

- Көптеген мәліметтер қаншама жылдар өтсе де құпия түрінде тұр. Бірақ бұл тізім тек бізде жарияланған. Ал егер айыпталған кісінің анкетасын жариялап, кітапша етіп шығарған жағдайда тума-туыстары, білетін кісілері қазіргі уақытта көптеген мәліметтерді білер еді.

Туыстарының тағдырына қатысты мәліметтер мыңдаған жанды толғандыратыны рас. Тарихи ақпаратты толығымен қалпына келтіруге тарихшы ғалымдар мен журналистер қауымы да мүдделі. «Сондықтан олардың зерттеу ісімен айналысуына барынша қолдау көрсетеміз», – дейді департамент өкілдері.

Болатбек Белгібеков, облыстық ПД баспасөз хатшысы: 

- Ақталған азаматтар не болмаса олардың өкілдері, қайтыс болған жағдайда, олардың туыстары мен қылмыстық істердің процестік емес сипаттағы  құжаттармен танысуға, сондай-ақ істе сақталған қолжазбаларын, фотосуреттерін және өзге де жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алуға құқығы бар.

1937-1938 жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам заңсыз сотталып, 25 мыңдайы ату жазасына кесіліпті. Тек Батыс Қазақстан облысы бойынша 2 мыңға жуық адам саяси қуғынға ұшырап, тең жарымы атылған. «Мұндай қасірет қайталанбауы тиіс. Өткенді білу сол үшін қажет», – дейді мұрағат мамандары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы