389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы Ақсуда 70 мың түп қарағай өседі

  • 345
  • UPD: 15:13, 03.06.2019
Павлодар облысындағы Ақсуда 70 мың түп қарағай өседі

Павлодар облысында қолға алынған жасыл белдеу жобасы Ақсуды да қамтыды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Металлургтер шаһарын жағалай 70 мың қарағай көшеті отырғызылды. Бұл санды таңдаудың да өзіндік себебі бар. Моноқалаға кіретін ауылдық аймақтарды қосқанда халықтың саны 70 мыңға жетіпті. Екі жылдық қарағай өскіндері Ертіс орманы табиғи резерватының тұқымбағында өсірілген. Ал қала ішіне сүмбіл терек, балқарағай, долана, бадам, киіз терек, үйеңкі, тал сынды сәндік ағаштар көрік береді. Бүгінгі күні 12 мыңдай ағаш пен гүл көшеттері отырғызылып жатыр. Игі іске өндіріс ошақтарының еңбеккерлері, мектеп бітіруші түлектер және қарапайым қала тұрғындары атсалысуда. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейтін қағиданы бек ұстанатын аға буын өкілдері де қайнаған еңбектің ортасынан табылды.

Залмұқан Арынов, Ақсу қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Ардагерлер осындайға әр уақытта қол ұшын береміз. Артымыздан келе жатқан орта буын, жас буынға осындай қаланың көшет отырғызу жұмысына бір кісідей атсалысқанын қалаймын.

Балғабай Ибраев, Ақсу қаласының әкімі:

- Біздің қалада өнеркәсіптер, зауыттар бар. Сондықтан біз экологиялық жағдайын жақсартуға, қаланы көркейту үшін әдейілеп 70 мыңнан астам қарағайды Шалдай резерватынан әкеліп отырмыз. Ол дегеніміз біздің экологиялық жағдайды жақсарту үшін керек. Кіреберісте осындай ағаштарды отырғызу үшін жастар көңіл бөліп, іс-шараға қатысып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы