378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордадағы оңалту орталығына заманауи құрылғылар алынды

  • 168
  • UPD: 15:34, 06.06.2019

Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдауға бағытталатын қаржы 2 есеге артып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ағымдағы жылы 8 жарым мыңнан астам өңір тұрғыны техникалық оңалту құрылғыларымен қамтылмақ. Оған қоса тағы мың жарым сырбойылық отандық сауықтыру оралықтарында емделуге мүмкіндік алады.

60-тан асып, жетпіске жақындаған Бэлла Ким 10 жыл бұрын инсульт алған болатын. Дене мүшелерінің жансыздануы салдарынан арбаға таңылған ол араға 6 жыл салып робот-құрылғы арқасында жүруді бастады. Компьютермен басқарылатын жаттығу кешені аяқ адымының өлшемін дәлме-дәл қайталайды. Икемге келмейтін буын, балтыр мен тобықты белсенді қозғалысқа келтіреді.

Бэлла Ким, қала тұрғыны:

- Жаттығу кешенінің арқасында жүрісім түзеліп, жауырыным тіктелді. Ол мен үшін үлкен қуаныш.

Оңалту орталығы цифрлық кешеннен бөлек емдік тиімділігі жоғары құрылғылар орнатып жатыр. Жақында келген тоқпен жүретін аппарат науқастарды көтеруге және тасымалдауға арналған. Озық үлгідегі әмбебап қондырғылармен жылына мыңға жуық кембағал жанға көмек көрсетіледі.  

Мейрамбек Әбдікарімов, оңалту орталығының директоры:

- Жыл бойы қызмет көрсетеміз. Ол кісілер 42 күн болады 1-кезекте. 42 күнге белгіленген бағдарлама бар. Соның аясында әрбір күнге белгіленген жұмыс жоспары бар. Орталыққа келу үшін аудандық, қалалық әлеуметтік қорғау бөлімдеріне хабарласып, өтініштерін береді. Және де жеке оңалту парағына, қорытындыға сәйкес оңалту орталығына келіп орналасады. 

Өткен жылы әлеуметтік бағдарламаның тиімді орындалу көрсеткіші 87% құрады. Қазіргі таңда өңірде 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Мамандардың айтуынша, оңалтуға мұқтаж адамдар саны артып келеді.

Гүлнәр Алтынбасова, «Медициналық-әлеуметтік сараптама» бөлім басшысы:

- Емдеудің деңгейлері бар. Амбулаторлық, стационарлық, одан кейін емнің нәтижелері толық бекітілуі үшін санаторлық деңгейде емделуді қажет етеді. Әрине, кез келген аурудың стационарлық емінен кейін амбулаторлық жағдайдан гөрі санаторлық жағдайда емделу көп нәтиже береді. Сондықтан санаторлық-курорттық емді қажет ететін мүгедектер саны көбейіп жатыр деп айтуға болады.

Алтын Есқараева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Өткен жылдың өзінде біз 500 млн тг астам қаражат бөлінген болатын. Биылғы 2019 жылға бекітілген бюджетте 927 млн тг қаражат бөлінді. Былтыр 1267 санаторлық-курортқа қаражат бөлініп, адамдар демалып қайтса, биыл 1427 адамға жолдама бөлініп отыр.

Қазіргі таңда аймақ тұрғындары тарапынан көзі нашар көретіндер мен құлағында мүкісі бар науқастарға арналған ноутбуктер, заманауи ортопедиялық, сурдо және тифлотехникалық құралдарға сұраныс көп. Аталған инвозаттар жақын күндері оңалту орталығында қолданысқа беріледі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы