383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы шипажай 3600 адамға қызмет көрсеткен

  • 103
  • UPD: 15:33, 06.06.2019

Батыс Қазақстан облысының аумағындағы бальнеологиялық шипажайдың минералды суы емдік қасиеті жөнінен елімізде ең үздік сусындар санатында, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазіргі күні мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагерлерді оңалту ісі жолға қойылған.

Орынғали аға мен Марфуға апай бұл шипажайға ашылған кезден бері тұрақты келіп жүр. Жастары сексеннен асса да қариялар әлі тың. Отағасы көз жанарынан айырылғанымен, көкірек көзі ояу. Әр жылы жаз шыққан сайын зайыбын ертіп осында жетуге асығады. Өйткені бұл жерде жанына сая, дертіне дауа табады.        

Орынғали Иманғалиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Біздің ең бірінші мақсатымыз – минералды су, парафин, физиотерапия, массаж. Соның бәрін осы жерде аламыз. 1985 жылы санатория болып құрылды.

Шипажайға 2008 жылы күрделі жөндеу жасалды. Дегенмен әлі де жетілдіре түсетін тұстары баршылық. «Заманауи тренажерлер алынып, емдеу бөлмелері жаңарса, мүгедек жандар үшін пандустар салынса», – дейді демалушылар мен ем алушылар. 

Марфуға Иманғалиева, Орал қаласының тұрғыны:

- Санаторийге көп материалдық көмек керек. Жаңартатындары бар, алатын аппараттары бар. Сынып жатқандары бар. Бір жылдары бізді Бурабайға жіберді, онда бардық та, бәріміз бас тарта бастадық, бізге «Ақжайық» керек деп. «Ақжайық» халықтың бақытына берілген табиғи байлық деп есептеймін. Сондықтан да оны үкіметіміз де бағалап, халыққа үлкен көмек көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.

Сауықтыру орнына өзге аймақтардан да келетіндер баршылық. Былтыр мұнда 3600 адамға қызмет көрсетілген. Атыраулық Мұрат Хасановтың айтуынша, көрші облыстан жетуде қиындықтар болып тұрады.     

Мұрат Хасанов, Атырау қаласының тұрғыны: 

- Атырау облысы тұрғындарының атынан өтінішіміз бар. Осы күнде тендер деген бар, содан Атырау облысы шеттеу қалып қояды. Санаториялар жан-жақта бар. Дегенмен бізге қолжетімді, емі де жақсы, қаладан бөлек таза ауада осылай демалып кеткіміз келеді. 

Миргүл Құрманбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Санаторлық-курорттық емделумен ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер және мүгедек балалар қамтамасыз етіледі. Биыл жыл аяғына дейін 959 адамды қамтамасыз етеміз. 

Айта кету керек, аталған сауықтыру мекемесі Ақжайық өңіріндегі жалғыз шипажай саналады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға жолдамамен өзге өңірлерге бару оңай емес. «Сондықтан емделушілер үшін ең қажетті минералды су көздерін орнымен пайдаланып, туризмді дамытуға күш салу керек», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы