383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда бекіре балықтарына микрочип енгізіле бастады

  • 108
  • UPD: 10:16, 13.06.2019

Атыраудағы бекіре балықтарын өсіретін екі зауытта барлық бекіре тұқымдас балыққа молекулалық-генетикалық құжат беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін су маржандарынан биологиялық материал алынып, денесіне микрочип енгізіледі. 

Генетикалық төлқұжат шаруашылықтар үшін сапалы тұқым алуға және Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорының алуан түрлілігін сақтауға ақпал етеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ балыққа енгізілген шағын қондырғы арқылы оның өзендер мен теңіздегі қозғалысын анықтауға болады.

Бұл – биыл Каспий теңізінен ауланған шоқыр балығының аталығы. Зауыт мамандары оны есепке алып, денсаулығын тексеріп жатыр. Ол үшін қанатынан сынама алынып, денесіне микрочип енгізіледі. Осылайша 5 жасар шоқыр осы күннен бастап бекіре зауытының меншігіне көшті.

Майра Зұлқашева, зауыттың бас балық өсірушісі:

– Чип өте кішкентай. Балықтың денесіне енгізгеннен кейін де зиян келтірмейді. Кез келген сканермен ақпарат оқуға болады.

Жылына 3,5 миллион дана бекіре шабағын өсіретін зауыттың аталық-аналық балықтары өткен қыстағы оқыс оқиғадан шығын болған еді. Алайда көктемде Жайық өзені мен Каспий теңізінен ауланған балықтардың есебінен зауыт қоры қайта толығып келеді. Биыл ауланғандардың ішінде шоқыр мен сүйрік балықтары көп. Олардан алынған шабақтар арнайы тоғандарда өсіріліп жатыр. Ал тұқым берген балықтар зауыт қорында ерекше бағымда тұр. Бекіре тұқымдастарды құжаттау арқылы балық шаруашылығы жұмыстарын жүйелі жолға қоймақ.

Жұпар Өтеулиева, бекіре зауытының технологы:

– Генетикалық төлқұжат жасау арқылы біздер аталық және аналық балықтардың денсаулығы бойынша толық мағұлмат ала аламыз. Сонымен бірге генетикалық төлқұжаттар жасау арқылы Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың генетикалық алуантүрлілігін сақтау үшін де маңызды. 

Бұл шара әлемдік нарықта құны алтынмен бағаланатын қара уылдырықты экспорттауға да игі ықпал етеді. Ортақ базадағы ақпарат арқылы өнімнің қай зауытта, қандай балықтан алынғандығы туралы толық мағлұмат алуға болады, дейді мамандар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы