389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Медицина саласына үлес қосқан Төлеутаевтар әулеті дәрігерлікті ұрпақтан ұрпаққа жалғап келеді

  • 367
  • UPD: 10:07, 14.06.2019

Дәрігер – табандылық пен терең білімді талап ететін мамандық.

Ал бір әулетте бірнеше жанның осы жолды таңдауы жауапкершілікті екі есе арттырары сөзсіз. Дәрігерлікті ұрпақтан ұрпаққа жалғаған Төлеутаевтар әулеті еліміздегі медицина саласының өркендеуіне үлес қосып келеді.

Мұхтар Төлеутаев – ғұмырын медицинаға арнаған ақ халатты жандардың бірі. 40 жылға жуық осы салада табан аудармай қызымет еткен. Бір қызығы, дәрігердің жолдасы мен балалары да осы саланы таңдаған. Одан қалды аға-бауырлары да денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүр. Жалпы Төлеутаевтар әулетінде жиырмадан астам дәрігер бар екен. Барлығының мақсаты бір. Ол – ұлт денсаулығын нығайтуға өз үлестерін қосу.

Мұхтар Төлеутаев, қалалық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

– Адамды сүйіп, ол адамға жақсылық жасауға бейімделген адам медицинаға бару керек. Бүгінгі күні жаңа медицинаның дамуы жоғары деңгейде болу үшін күнделікті оқып, біліп отыратын немесе біліміңді жаңғыртып жұмыс жасау керек. Сонда ғана алдыңызға келген қиындықта білімнің көмегі болады.

Мұхтар Есенжанұлының жұбайы Гүлнәр – кардиолог дәрігер. Қырық жылдай антына адал болып, қызмет етті. Қазір зейнеткер. Немерелерінің де дәрігер болғанын қалайды. Жолдасы екеуі киген ақ халат бүгінде өз балаларына да бұйырған. Яғни екі ұлы да – білікті дәрігер.

Гүлнәр Төлеутаева, кардиолог дәрігер:

– Жалпы жанұямыздың медицинаға берген жылдарын санасақ, 460 жылдан асып кетеді. Біздің жұмысымызда 3-4 күн үйге келмейтін күндер болды. Мысалы Мұхтардың күндіз күнделікті операциялары бар. Түнде тағы шұғыл операция жасау қажет аналар болады. Сол жерде шұғыл жұмыс жасап жүргенде осынша күн өтіп кететін. Балалар апта бойы әкесін көрмейтін. Кеш келгенде балалар ұйықтап қалады. Сөйтіп демалыс күні көріссе, риза болатынбыз.

Дәрігерлер әулетінің тағы бір мүшесі – Мұхтарғазы Төлеутаев. Ол – Семей қалалық онкологиялық диспансері директорының орынбасары. Адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, антына берік, сертіне адал жандар ғана бұл салада білгір атанады дейді ол.

Төлеутаевтар әулеті бас қосса, дәрігерлердің жиынына айналып кетеді екен. Бір біріне бауырмал ғана емес, кеңесші бола біледі. Яғни медицина саласының қыр-сырымен бөлісіп, білімін жетілдіруге сеп болады.

Айғаным Мұхтарғазықызы, балалар дәрігері:

– Туыстарым бас қосқанда, бір-біріне кеңес беріп, ақыл айтып, бізге жол көрсетіп тұрады. Сондықтан бұл өте қызықты мамандық. Дәрігер мамандығын түгел білем деп ешқашан айтуға болмайды. Күн сайын өз-өзіңді жетілдіріп отыру керек. Жолдасым да дәрігер. Қазір Шымкент қаласында жұмыста.

Аманатқа адал әулеттегі дәрігерлердің дені қазір еліміздің денсаулық сақтау саласының үздігі атанған. Балалары да медицинаның жілігін шағып, майын ішкен білікті дәрігерлер. Демек әулеттегі дәрігерлік дәстүрдің әлі де жалғасын табатыны сөзсіз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы