384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Заңсыз митингтер кезінде құқық қорғау органдарының 300-ге жуық қызметкері зардап шеккен

  • 206
Заңсыз митингтер кезінде құқық қорғау органдарының 300-ге жуық қызметкері зардап шеккен

Заңсыз митингтер кезінде құқық қорғау органдарының 300-ге жуық қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбірі әлі күнге ауруханада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бірінің миы шайқалып, енді бірінің аяғы сынған.

Алматылық полицей Нұрбол Бекназаровтың ауруханада ем алып жатқанына 10 күнге жуықтады. Маусымның 9-ы шаһарда болған тәртіпбұзушылықтардың салдарынан ол осындай халге душар. Сол күні кешке жол қозғалысын реттеп тұрған аға лейтенантты көлігімен қағып кеткен жүргізушілер оқиға орнынан із суытқан. Ал полицей аяғы сынған күйде ауруханаға жеткізілді.

Нұрбол Бекназаров, полицияның аға лейтенанты:

– Ішінде екі адам, тоқтаған жоқ. Белгісіз бағытқа қашты. Алайда тоқтауға толық мүмкіншілігі болды. Өзімнің міндетімді атқардым деп ойлаймын. Әлі де атқарамын. Өзіме осы салада қызмет еткен мен үшін абырой. Келешекте бәрі жақсы болады, құдай қаласа екі ай көлемінде жұмысқа шығамын.

Маусымның 9-ы күні елордадағы Жастар сарайының алдында да тәртіп бұзғандар болды. Солардың заңға қарсы әрекетінен ауруханадан бірақ шыққан полицейлердің бірі – Жұмабек Шайхисламұлы. Оның басына қатты тас тиіп, миы шайқалған.

Жұмабек Шайхисламұлы, полиция инспекторы:

– Сол жағымдағы әріптестерге «байқаңдар» дегенімше, өзімнің басыма қатты заттың тигенін байқадым. Құлап бара жатқан кезде қасымдағылар жедел-жәрдем көлігіне жеткізді. Біз барынша азаматтармен сыпайы болдық. Арнайы күш қолдану деген тапсырма болған жоқ.

Полицейлердің жағдайы қазір жақсарып келеді. Жақын күндері қатарға қайта қосылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша маусымның 9-ы мен 12-сі аралығында өткен митингтерде тәртіп сақшылары заң аясында жұмыс істеген. «Бірде бірі арандатуға бой алдырмады», – дейді ведомтство жетекшісі. 

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

– 300-ге тарта полиция қызметкері дене жарақаттарын алды. Алтауы қазір ауруханада ем алып жатыр. Олар маусымның 9-ы, 10-ы және 11-і күндері зардап шекті. Заңсыз митингтер кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ. Бейнежазбаларда полицейлерді теуіп, ұрып немесе итеріп жатқаны анық көрінеді. Негізінде олар жеңіл жарақаттар алды. Бірінің аяғы сынды, енді бірінің бас миы шайқалды.

Тәртіп бұзғандар жазасыз қалған жоқ. Бас прокуратураның мәліметінше, Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұзын-саны 957 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жартысына жуығы қамауға алынды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Айтбайұлы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы