389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысына соңғы үш жыл ішінде 2500-ден астам адам көшіп келген

  • 275
Павлодар облысына соңғы үш жыл ішінде 2500-ден астам адам көшіп келген

Ертіс өңіріне еңбек күші көп аймақтардан соңғы үш жыл ішінде 2500-ден астам адам көшіп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ішкі көші-қон бағдарламасының игілігін көргендердің дені – облыстың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық иелері. Қуантарлығы, жаңа өмір бастаған азаматтардың түгелі дерлік ауылдық елді мекендерде қоныстанған.

Тұрдыгүл Бөкейдің мамандығы – тігінші. Алматы облысы Ақсу ауданының тумасы. Сол аймақта екі қолға бір күрек таба алмапты. Ұсыныс түскен сәтте бірден келіскен. Енді аядай бөлмені жалға алып, сүйікті ісімен айналысуда. Мақсаты – «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алу.

Тұрдыгүл Бөкей, бағдарлама қатысушысы:

– Оңтүстікте осындай іс аша алмадық. Оған қаражатымыз жеткіліксіз болды. Кәсібімізді жалғастырып, осы жақта еңбегімізді, жемісімізді көрсек деп келдік. Табиғаты да, халқы да керемет.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасы мүшелерінің бірі жоғары білімі бар маман болуы шарт. Тойчиевтер жанұясында ауданның еңбек нарығына аса қажет екі бірдей маман иесі бар. Отағасы Ержан Бахов - тарих пәнінің ұстазы. Көшіп келісімен, бірден жұмыс табылды.

Ержан Бахов, тарих пәнінің мұғалімі:

– Балаларды үлкен қалаларға апарсақ па деп біраз ойландық. Одан кейін осы мемлекеттік бағдарламаны естіп, сонымен танысып, осы жақпен сөйлесіп, осы жаққа келдік. Негізінде Баянауыл өте табиғаты әсем, тарихи тұлғалар өте көп шыққан жер.

Ал жолдасы Айнұр Тойчиева – кәсіби режиссер. Халықтар достастығы университетінің түлегі Баянауыл ауданына келуге осы өңірдің бай тарихы сеп болды дейді.

Айнұр Тойчиева, режиссер:

– Баянауылдың қонақжай халқы, әсем, келбетті табиғаты бізді құшақ жая қарсы алды. Және де біз келген бетте жұмыспен қамтылдық. Отбасымызбен, мен мұнда жолдасыммен және де төрт баламмен келдік. Біз үлкен отбасымыз, бізге мұнда қиын болған жоқ. Барлық дерлік жағдай басталды және қызу жұмыс басталып кетті.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Соңғы үш жылдың ішінде Баянауыл ауданында халық театрының жұмысы тұралап қалған. Себебі, маман тапшылығы байқалды. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Оңтүстік өңірден режиссер тартылды. Нәтижесінде труппаның жұмысы жандана түсті. Қазіргі уақытта шығармашылық ұжым кезекті маусымға дайындық үстінде.

Жергілікті атқарушы органдар еңбек етемін деушілерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Қоныс аударушыларға үй салуға жер беру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қолдау көрсету тетіктері бар.

Меруерт Есембаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Өз істерін бастаймын деген адамдарға жер мәселесі қарастырылған. Оның ішінде ауыл шаруашылығына, егін, мал шаруашылығына қажетті жерлерды қиындықсыз беруге жан-жақты көмектесіп жатыр.

Үш жыл бұрын өңірге небәрі 300 адам көшіп келсе, былтырғы көрсеткіш 1600-ге артқан. Ал биылғы жылғы аймақтық квота 2000 адамға жетпек. Жалпы ішкі нарыққа 1000-нан астам мамандық иесі қажет. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы, медицина, білім және ауыр өнеркәсіп салаларына тиесілі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы