383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісудан Арысқа 8 жүк көлігі аттанады

  • 181
  • UPD: 23:32, 25.06.2019

Ертең таңертең Алматы облысынан 8 жүк көлігі Арыс қаласына аттанады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Азық-түлік, киім-кешек атаулы «Жетісу Арыспен бірге» деп аталатын кең көлемдегі акция аясында жинастырылған.

Арыстағы жағдайға байланысты Алматы облысында арнайы штаб құрылды. Соның негізгісі Nur Otan партиясының ғимаратында орналасқан. Мұндағы мамандар өңірдегі 20 қабылдау пунктіндегі заттарды топтастырып, тізімдеп жатыр. Қазірдің өзінде 15 тонна ұн, 5 тонна қант, күріш, кеспе, өзге де азық-түлік әкелінгені белгілі болып отыр. Тұтыну тауарларын жинастыруға үкіметтік емес ұйымдары да атсалысып жатыр. Материалдық көмекпен қатар апат аймағындағы балаларды  емдеу-сауықтыру лагерьлерінде тынықтыру жоспарланған.   

Елдар Сапаров, облыстық «Азаматтық альянс» қоғамдық бірлестігінің директоры:

– Бізде 385 үкіметтік емес ұйым бар. «Жетісу Арыспен бірге» акциясы аясында пункт жұмысын бастап отырмыз. Қазір 5-6 үкіметтік емес ұйым өз тауарларын өткізіп жатыр.  

Серік Нұрқадыров, Nur Otan партиясы АОФ төрағасының орынбасары: 

– Қазір жаз мезгілі, балалар демалысқа шықты. Сондықтан біз 150 баланы қабылдауға дайынбыз. Қазір демалыс орындары қанша баланы қабылдай алатынын анықтап жатырмыз.

Қазір өңірдегі қабылдау пунктері белсенді жұмыс істеп жатыр. Апатқа бейжай қарамайтын аудан, қала тұрғындары шама-шарқынша азық-түлік, тұрмыстық заттарды әкелуде. Қайырымдылық шарасынан кәсіпкерлер де қалыс қалған жоқ. Ігі іске ұйытқы болғандардың қатарында Дәурен Тәліпов те бар. Ол арнайы есепшот ашып, жаны жомарт жандар аударған қаражатты арыстық ағайынға апарып бермек. Ал ертең таңертең азық-түлік тиелген 8 жүк көлігі Арысқа аттанады.

Авторы: Шыңғыс Қалиден

Хабар 24 телеарнасы