383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО тұрғыны иен далада жылыжай тұрғызып алған

  • 117
  • UPD: 14:19, 01.07.2019

Сары дала төсінен өнім алған кәсіпкер.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының тұрғыны Арман Тоғжанов өлкенің құнарлы топырағын нағыз табыс көзі деп санайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Тіпті, істің ебін білетін азамат қойдың жүнін, сиырдың қиын, тас пен шөпті пайдаланып иен даладан жылыжай тұрғызып алған. Осы көктемде алғашқы өнімін алып, енді шаруашылығын кеңейтуге ниетті.

Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылдық округіндегі жылыжайды Арман Тоғжанов өткен күзде ғана тұрғызыпты. Жалпы, 32 метрлік құрылысқа 3 миллион теңге жұмсаған. Негізгі бөлігі даладағы тас қалдықтарынан салынған. Іші жылы болуы үшін қойдың жүнін пайдаланыпты.

«Бұл – тек тәжірибе ретіндегі бастамам», – дейді Арман. Қыста салған қияр мен қызанақтан көктемде жақсы өнім алып үлгеріпті.

Арман Тоғжанов, кәсіпкер:

– Алғашқы өнімде 4,5 тонна қияр алдық, ешқайда тасыған жоқпыз, Күршім өңірі қолма-қол той-томалаққа тапсырыс беріп әкетіп отырды.

Жұмсалған шығыны алғашқы өніммен-ақ ақталған Арманның енді жылыжайын тағы 100 метрге ұзарту жоспарында бар. Отын ретінде қиды қолдана бермек. Тәуекелшіл азамат: «Сарыөлеңнің самалын да кәдеге жаратамын», – дейді. Болашақта жел генераторын орнатуды көздеп отыр. Шаруасын дөңгелеткен ол мемлекет қолдауын алуға да мүдделі.

Қуанған Қарағызов, Сарыөлең ауылдық округінің әкімі:

– Мемлекет жағынан шаруа қожалығы болғаннан кейін, құжаттарын енді ғана жөндеп жатыр. Жылыжайдың жерін нысаналы ауыстырып алуы керек, жылыжайға арналған жер деп ауыстырса, кейін бұл кісіге біз субсидия алуға ұсынамыз, осы жылыжайды пайдаланып отырғаны үшін үкімет тарапынан субсидия алады.

Қазір аудан жұрты жергілікті жердің өз қияры мен қызанағын ғана тұтынып отыр. Өйткені дәмі татымды, сапасы жоғары екенін айтады олар.

Мұрат Қабдығалиев, ауыл тұрғыны:

– Өзіміздікін алып жатырмыз, бұл таза, ешқандай қоспа жоқ, денсаулыққа жақсы, бағасы да қолжетімді.

Арман Тоғжанов ауылдастарын туған жерді гүлдендіруге шақырады. «Күршімнің жерін де, желін де табыс көзіне айналдыру ынтасы бар әркімнің қолынан келеді», – дейді кәсіпкер.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы