384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 10 мыңға жуық үлескер баспанасын ала алмай жүр

  • 187
  • UPD: 14:18, 01.07.2019

Ал 20 шақты нысанның құрылысы аяқсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тығырықтан шығудың жалғыз жолы ретінде тұрғын үй кооперативтерін құрып, үйді үлескерлердің өзі салып алуына рұқсат берілген еді. Бірақ оның өзі мәселені түбегейлі шешпей отыр.

Евгения Ольхова елордадан үй алам деп басына сор тауып алғанын айтады. Өйткені құрылыс учаскесіне қатысты дау шығып, оған үлескерлердің араласуына тура келді. Яғни тұрғын үй кооперативі құрылды. Қажетті жөндеу жұмыстарын аяқтады. Көптен күткен пәтер кілті қолға тиді. Енді, міне, құжаттарын рәсімдеу барысында тағы да шикілік шығып отыр.

Евгения Ольхова, жергілікті тұрғын:

– Құжатты қолыма алған кезде, пәтердің аумағы әлдеқайда кішкентай екенін анықтадық. Мәселен, менің үйім 51 шаршы метр болуы керек еді. Іс жүзінде 43-44 шаршы метр ғана. Осындай мәселе әр үйде бар. Ал ол үшін төлеген қаржымызды қайтаруға ешкім құлықсыз.

Жергілікті тұрғындар қазір сотқа жүгіне алмайды. Өйткені кооператив құрылғаннан кейін құрылысқа қатысты жауапкершілік үлескерлерге артылады. Ал жобаны бастаған құрылыс компаниясының құжат жүзінде олардың алдында  міндеттері жойылады.

Евгения Ольхова, жергілікті тұрғын:

– Сотқа шағымдануымыз үшін барлық тұрғындардың құжаттарын рәсімдеп, тұрғын үй кооперативінің төрағасын ауыстыруымыз керек. Одан кейін үйдің бастапқы жобасына және компаниямен жасалған келісімшарттарға қол жеткізе аламыз. Яғни әбден сиырқұйымшақтанып, ұзаққа созылатын түрі бар.

Ал заңгерлер бұндай амал-айланы құрылыс компаниялары жиі қолданатынын алға тартады. Яғни үлескерлер бірігіп, кооператив құрған кезде компанияның жауапкершілігі жойылады. Оған дейін жасалған келісімшарттар толықтай күшін жоғалтады.

Талғат Миерманов, заңгер:

– Бұл жүйе жан-жақты ойластырылған. Яғни барлық келісімшарттар компания басшыларына залал келмейтіндей әзірленген. Сот арқылы олардан ештеңе өндіре алмайды. Барлық жауапкершілік айналып келіп сол тұрғындардың өздеріне тіреледі.

Құрылыс саласындағы сарапшылар болса осындай жағдайға топ болмау үшін аса сақ қимылдау керектігін ескертеді. Әсіресе жобамен айналысатын компанияның құжатарын жіті тексеру қажет. Ол үшін арнайы заңгерлер көмегіне жүгінуге тура келеді. Бұған қоса тәжірибесі мол және артынан дау ермеген компанияларды таңдауға кеңес береді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әділғазы Төлеміз

Хабар 24 телеарнасы