383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арал өңірінде сынап бағанасы 40 градустан түспей тұр

  • 144
  • UPD: 21:41, 01.07.2019

Арал аймағында да аптап ыстық. Сынап бағанасының 40 градустан түспей тұрғанына екі аптаға жуықтады.

Өңірде жүрек талмасы ұстап және ішек ауруларына шалдыққандар саны артқан. Жедел жәрдем қызметіне тәулігіне мың жарымнан астам адам қоңырау шалады. 

Аймақта бір аптадан бері күндіз 50, түнде 30 градусқа дейін жетіп тұр. Нәтижесінде, дәрігерлер көмегіне жүгінушілер саны артқан. Тек өткен аптаның өзінде жедел жәрдемге хабарласқандардың қатары 7 пайызға өскен. Нақтырақ айтқанда, 11 648 қоңырау тіркелген. Басым бөлігінде балаларға көмек керектігі айтылыпты.

Ғалия Нұрсейітова, медициналық жедел жәрдем облыстық станциясы бас дәрігерінің орынбасары: 

- Жалпы тәулік бойына жедел жәрдем станциясына 1500-1700-ге дейін шақырту түседі. Оның тең жартысы балалар шақырларуы болып жатыр қазіргі таңда. Оның ішінде шақырулардың көптігі жүрек-қан тамырлары ауруларынан, жүйке аураларының қозуына байланысты болып жатыр.

Ал шұғыл ем қажет болып, ауруханаға жатқызылғандар қатары бір апта ішінде 8 пайызға артқан. Жедел ішек инфекциясымен түскендер саны да күрт көбейген. 

Айна Мұхамбетова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

- Мәселен, жексенбіде біздің ауруханаға хабарласқандардың саны 54-ке жетті. Оның ішінде 30-ы жатқызылды. Олардың 29-ы қала қала тұрғындары болса, үшеуі жақын маңдағы аудандардан. Қойылған негізгі диагноз – жедел ішек инфекциясы.

Дәрігерлердің айтуынша, статистикалық деректер айтарлықтай үрей туғызбайды. Дегенмен, ыстық күнде сақтық шараларын сақтауды естен шығармаған жөн дейді. Күн астында серуендеуді уақытша шектеудің дұрыстығын құтқарушылар да айтып отыр. Себебі аймақта ескерту жарияланған болатын.

Саид Молдақараев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Облыс тұрғындарына SMS хабарлама жеткізілді. Осыған байланысты, облыс тұрғындарына ескертетініміз: күндізгі уақытта далада көп жүрмеуге, сосын ұзақ сапарларға шықпауға одан бөлек, облыста күн көзінде жұмыс істейтін қауіпті объектілерде 45 градустан жоғары температурада жұмыс істемеуге кеңес береміз.

Синоптик мамандар алдағы бірер күнде ауа температурасы жоғары болатынын айтуда.  Дегенмен, аптап ыстықтың шілде бойы сақталуы әбден мүмкін.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Райхан Тажибаева, Канат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы