389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста 136 үйге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді

  • 355
  • UPD: 14:25, 03.07.2019
Арыста 136 үйге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді

2019 жылғы 3 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 136 тұрғын үй қалпына келтірілді.

Тағы 571 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Арыс қаласындағы үйлердің 85%-ы жөндеуді қажет етеді, ал қалада жұмыс істейтін құрылыс компанияларының саны 118-ге дейін артты. Бүгінгі күні тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша ауқымды іс-шараға 1546 құрылысшылар қатысып, 86 арнайы техника тартылды.

Вице-министр Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында. Жақында ол Арыс қаласындағы барлық үйлерді бақылауға алатынын және күнделікті мониторингте ұстайтынын хабарлады.

«Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақылауға алдық. Егер тіпті желдеткіш немесе терезенің әйнегі сынған болса да, біз бұл жайттардың барлығын ескердік және жөндеуге мұқтаж тұрғын үй нысаны ретінде тіркеуге алдық. Сондықтан әрбір үй бойынша-жеке тәсіл, бір жерде әйнектеу, бір жерде шатырды ауыстыру жұмыстарын жүргізу қажет. Кейбір үйлерді бұзу және қайта салу керек. Қазір шығын сомасын және қалпына келтіру үшін қажетті қаражатты анықтау мақсатында бағалау жүргіземіз», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Арыс 17 секторға бөлініп, оларға еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалар бекітіп берілді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, ал шығындардың қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19:00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.

Сондай-ақ қалада барлық бұзылған инфрақұрылымды: инженерлік коммуникациялар мен жолдарды қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен қаражат бөлінді. 

Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен жүргізіледі, ал Арыс қаласының кәсіпкерлеріне «Атамекен» ҰКП арқылы қаражат бағыттайтын ірі бизнес өкілдері көмектесуге дайын. Елбасының және мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы