389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар «Әлем қаласы» атанған елорда сәулетінің ерекшеліктерін атады

  • 268
  • UPD: 15:31, 06.07.2019

Қандастарымыз арасында кәсіпқой сәулетшілер көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, елорданың алғашқы қалыптасу жылдары ғимараттардың 10 процентке жетер-жетпесі ғана отандық мамандар қолынан шығатын. Ал қазір құрылыстың 70-80 проценті жерлестеріміздің қатысуымен жүреді. Соған сәйкес ерекше үлгідегі, креативті шешімдегі және ұлттық өрнегі бар нысандар қатары артып жатыр.

«Елордадағы әр ғимарат – жеке дара бренд». Бізге берген сұхбатында танымал сарапшылардың бірі осылай деген болатын. Келіспеске амал жоқ. Өйткені астанамыздың қалыптасуына әлемнің мен-мен деген сәулетшілері қатысты және әрқайсысы өзіндік қолтаңба қалдыруға тырысты. «Тәуелсіз елдің елордасы көргенді елітіп қана қоймай, ертеңгі күнге үміт сыйлайтын және жігерлендіретін жасампаз қалаға айналуы тиіс», – деген болатын Елбасы. Бұл жай ғана тілек емес, нақты талап еді және қала құрылысына қатысқан әр сәулетші осы талаптан шығуға талпынғаны көрініп тұр. 

Хасер Кирмизи, сәулетші:

– Елордадағы ғимараттар өзіндік ерекше болуы керек және бір-бірімен үйлесім де табуы тиіс. Бұндай талаптан шығу оңай еместігі анық. Соған қарамастан біз әлемдік сәулет өнеріндегі ең соңғы технологияларды әкелуге тырыстық. Елорданың қатаң климаты және орналасқан жері ерекше назарға алынды. Біз оған кедергі ретінде емес, керісінше, құрылыстың құрамдас бөлігі ретінде қарадық. 

Расымен де астанамыздың жері жазық, желі қатты, жазы ыстық, қысы суық. Соған қарамастан Сарықарқа төрінен әлемдік деңгейдегі қаланы көтере алдық. Бұл эмоциядан шыққан сөз емес. Нақты негіздемесі бар дерек. Тіпті, сонау 1999 жылы-ақ ЮНЕСКО шешімімен елорда «Әлем қаласы» атанған болатын. Одан бері құрылыс қарқыны және ерекше сәулеті бойынша талай рекордтарды жаңартты. Бір қуанарлығы, осының арасында өзіміздің, яғни отандық сәулетшілер толқыны қалыптасып үлгерді. Қазір елордадағы ғимараттардың басым бөлігін қазақстандық қыз-жігіттер жасайды. Біліктілік, технология және креативті шешім тұрғысынан шетелдік мамандардан асып түспесе, кем емес.

Сағындық Жанболатов, сәулетші:

– Біз байқаудан ұтқанда жобаны жасадық. Бұл өте қиын. Сәулеті жағынан бәрін есептеу істеу керек. Ою-өрнегі көп.  Біздің фирмада 20-30 адам істейді. Барлық проблеманы шештік.

Отандық сәулетшілер елорда құрылысына әлі де аянбай еңбектеніп жатыр. Әсіресе ұлттық нақыштағы ғимараттар санын арттырсақ дейді. Өйткені бізде франциялық, англиялық, барселоналық, веналық кварталдар бар. Енді қазақ орамдарын салып, құрылыс саласындағы өзіндік бренд ретінде қалыптастыруды армандайды. Бұған қоса қазір әлемдік сәулет өнері таза экология және жасыл технология бағытына бұрылып барады. Отандық мамандар да осы көштен қалмай, баламалы қуат көздеріне негізделген нысандар құрылысына басымдық беріп жатқандарын айтады.

Авторы: Аслан Қаженов

Хабар 24 телеарнасы