389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Граффити көне нысанға көрік береді

  • 452
  • UPD: 14:56, 08.07.2019

Күллі әлемде сурет салу өнерінің жаңа түрі ретінде танылған граффити Қазақстанда да кең қолданыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ біз қаланы түрлендіріп тұрған туындыларды кімдер салғанын және ол суреттерде қандай мағына барын біле бермейміз.

Қабырғаға шимайлап сурет салу бір кездері баланың ісі саналатын. Алайда соңғы жылдары ол көше өнеріне айналды. Бір аңғарғанымыз ол құр шимай емес. Олардың әрқайсысында астарлы бір мағына бар. Мәселен, орталық парктегі көпшілік өтетін көпір астындағы бір қабырғаға жаздың суреті бейнеленіп, «денсаулық» деп жазылыпты. Ал екінші бетіне күз бейнеленіп, «қозғалыс» деп жазылған. Бұл екі сөз осы жерде серуендеп немесе спортпен шұғылданып жүрген әрбір адамға шабыт береді екен.

Көпшіліктің көңілінен шыққан көшедегі туындыны Александр салған. Өзі сынды суретшілер арасында элайв деген лақап атпен жүреді. Айтуынша, орталық паркте дәл осы сынды тағы бір көпір бар. Ондағы екі қабырғаға қыс пен көктемді бейнелепті. Сан алуан түс саябаққа сән беріп қана қоймай, қала тұрғындарының көңілін көтереді және мән беріп қараған адамды саламатты өмір салтын ұстануға үндейді.

Александр, суретші:

– Адамдар мұндай суреттерді жақсы қабылдады. Өйткені ерекше әсер сыйлайды. Әсіресе жастарға ұнайды. Олар келіп суретке түседі, билейді. Ал егде жастағылар мағынасын түсінуге тырысып, мән береді. Бұл – кәдімгі өнер. Дегенмен бұл іспен шұғылданатындардың арасында мәдениетсіз адамдар да бар. Олар ұлттардың арасына жік салатын немесе жаман сөздер жазады.

Сөзінің жаны бар. Себебі, көпір астындағы әсем суреттің өзі бейәдеп сөздермен былғанған. Енді оларды өшіру атқарушы билікке артық жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан әкімдіктер көше суретшілеріне кез келген жерді шимақтауға рұқсат бермейді. Әсіресе үйлердің сыртқы қабаты мен қоғамдық орындарға салынатын суреттерге арнайы мамандардың келісімі қажет.

Ержан Бежкенов, Сарарқа ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:

– Әрине, рұқсат керек. Егер де тұрғын үйдің сыртқы қабатын безендіретін болса, сәулет бөлімімен келісілуі шарт. Ол үшін қалалық кеңес құрылып, суреттердің үлгісін таңдайды. Сосын тұрғындардың пікірін сұрап, келісімін алады. Содан кейін барып әкімдік мамандары мақұлдауы тиіс.

Көбіне граффитимен айналысатындардың ойы ұшқыр, киялы еркін келеді. Сондықтан туындылары да ерекше. Бүгінде Нью-Йорк, Лондон, Париж сынды ірі қалаларда бейресми бұл өнер жақсы дамыған. Батыс елдері граффитиді сұрғылт тартқан ғимараттар мен тарихи нысандарды безендіруде ұтымды пайдаланады. Көше өнеріне қызығатын жерлестеріміз де аз емес. Оны Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пайда бола бастаған картиналардан байқауға болады. Ең бастысы, суретшінің қиялы халықтың болмысымен біте қайнап жатса болғаны.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы