384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жазда студенттер қалай ақша табады

  • 108
  • UPD: 14:45, 10.07.2019

Елімізде студент жастардың көбі жазғы демалысында жұмыс істеп, табыс табады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жастарға қосымша табыс көзі артық болмайтыны рас. Алайда оларға заңгер маманның айтары бар.

Арнұр – екінші курс студенті. Жазғы демалысын босқа өткізгісі келмейді. Азын-аулақ ақша тауып, үйіне қолғабыс етсем бе дейді. Ата-анасына салмақ салмай, өз киім-кешегін өзі түгендеп алмақ. Жұмыс іздеп сабылмай, ағасының жазғы дүкеніне сатушы болыпты.

Арнұр Аманкешов, студент:

– Үйде жатқаннан жұмыс істеуді ұйғардым. Астанаға келіп, ағамның кішігірім бизнесіне көмектесемін деп шештім. Босқа отырғанша ақша тапқанды жөн көрдім.

Еңбекке ерте араласқан жақсы, әрине. Алайда жастардың кейбірі «Екі қолға бір күрек тапсам» болды деп әлі келмейтін жұмысқа ұрынып жататыны бар. Тіпті, жұмыс тапқан күннің өзінде еңбек келісімін жасауды ойламайтындар көп. Заңгерлер мұндай жағдайға жол бермеу керектігін айтады. 16 жастан асқан кез келген жасқа еңбекке араласуға болады.

Жандос Мұқамбаев, заңгер:

– Студенттер жұмыс істесе, 18 жасқа толған жағдайда, міндетті түрде еңбек шарты болуы керек. Ал егер 18 жасқа толмаған болса, оларға да еңбек шартымен қызмет жасауға болады. Бірақ ауыр жұмысқа заңда тыйым салынған қызметпен айналысуға болмайды.

Студенттерге жазда жұмыс ұсынушылар да «жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай» қаптайды. Ғаламторды ашып қалсаң болды, жастарға жалақысы қомақты жұмыс ұсынамын деген жарнамадан көз сүрінеді.

Ал студенттерді еңбекке баулуды еліміз ерте бастаған болатын. Мысалы, «Жасыл ел» еңбек жастары штабы құрылғалы бірнеше мыңдаған жас жұмыспен қамтылды. Өткен жылдың өзінде 22 мыңнан астам студент маусымдық жұмыста еңбек етті. Олар еліміздің барлық өңірінде еңбек етеді. «Жасыл ел» сарбаздарына республикалық бюджет көлемінен 35 394 теңге төленеді екен. Бұдан бөлек жұмыс берушілер мен жергілікті бюджет тарапынан берілетін жалақы да бар.

Азамат Данияр, «Жасыл ел» еңбек жасағы республикалық штаб жетекшісінің орынбасары:

– Біз қазіргі уақытта 242 географиялық нысанда, яғни барлық аймақта жұмыс істеп жатырмыз. Студенттер мен жұмыссыз жастар, балалар үйлері мен интернат тәрбиеленушілері. Өткен жылы 410 кәсіпорынмен тығыз жұмыс істеген.

Дегенмен мамандар кез келген жұмыстың, тіпті уақытша қызмет болсын, студенттерге жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін айтады. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы