389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында су арнасы жүйесін жаңғыртуға бөлінген ақша құмға «сіңді»

  • 280
  • UPD: 21:53, 10.07.2019

Қызылорда облысында су арналары жүйесін жаңғырту жұмыстары нәтижесін бермеді. Жеке инвестиция есебінен ондаған елді мекенді аяқсумен қамту жобасына жергілікті компаниялар миллиондаған теңге бөлді.

Тіпті қаражатты қайтару механизмі де әзірленген болатын. Алайда жұмсалған ақша құмға сіңген судай ізім-қайым жоқ. Басталған құрылыс орта жолда тұралап қалды. Неліктен? 

Таң атысымен Қадыр Махмұтов ұлдарымен бақша басында жүреді. 3 жылдан бері жомарт жерді идіріп, егіншілікпен айналысып жүрген бұрынғы сушы көкөніс, жеміс-жидектің түр-түрін жайқалтып отыр. Су арнасын реттеу жобасы аясында Сырдария ауданының Бесарық ауылының егістігі толық суландырылған. 

Қадыр Махмұтов, Бесарық ауылының тұрғыны:

- Бұрын табыс көзі жоқ тұғын, жұмыссыз. Қазір енді мынау су келіп тұрғаннан кейін бақша салып, тіршілік істеп жатырмыз. Жаман емес жақсы, бақша өнімдері шығып, жайқалып тұр.  

Нәзира Жүсіпова, Бесарық ауылдық округінің әкімі:

- Бұдан 2 жыл бұрын ауылда 30 шақты отбасы егін егетін болса, биылғы жылы 150-160 жанұя егін егіп жатыр. Бұның өзі ауылдағы жұмыссыздықты төмендету, елдің өз аузына өз қолын жеткізу.

Дренаждық жүйені жаңғырту жобасының тоқтап қалуынан ондаған ауылдың егіс алқабы сусап отыр. Соның бірі Айдарлы.

Ғани Дүйсебеков, Айдарлы ауылдық округінің әкімі:

- Бұрын ауылымызда 3 мыңға тарта халық болды. Қазір 2 мыңға тарта халық бар. Көпшілік жағдайда жұмыссыздыққа байланысты жұмыс көздерін іздеп қалаға жұмыс табуға, жалақы алуға кетіп жатыр. Біздің ауылда 2 жарым 3 мың га жерді игеруге мүмкіндік бар. Бірақ аяқсудың жетіспеушілігіне байланысты қазір соның 450 га жер ғана пайдаланылып отыр. 

Қожахмет Сүйіндіков, Айдарлы ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Ең мәселенің қиыны аяқсу болып тұр. 3 жыл болды елдегі аяқсу мәселесі шешімін таппай отыр. Сырдария өзенінің тапшылығы да бар шығар. Бірақ бізге Айдарлы елді мекеніне түскен Ақарық каналын тазалап әкеліп берсе егіс көлемі де, кәсіппен айналысу да, аяқсудың мәселесі шешіледі деген ойдамын.

Салған қаражатының қайтарымына күмәнданған инвесторлар диқан қауымға тіршілік нәрін жеткізуі тиіс жобаны қаржыландырудан бас тартып отыр. Нәтижесінде күзде қамба толмай қалуы мүмкін. 

Қайрат Жансұлтанов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Ал енді қайтару механизмі мемлекет пен жеке меншік әріптестік арқылы қаржыландыру тетігі су ресурстары комитетімен әзірленуде. Осы ереже бекітілгеннен кейін жұмыстар жанданатын болады бұл бағытта.

Жалпы облыс бойынша 96 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін 4 жоба қолға алынған. Бірақ негізгі су арналары мен арық-атызды жаңғыртпай көздеген мақсаттың орындалуы екіталай.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы