386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде кейбір қоғамдық көліктердегі жеңілдік жойылды

  • 193
  • UPD: 23:55, 16.07.2019

Нақты айтқанда, бұған дейін 7-ден 15 жас аралығындағы және 70-тен асқан қариялар жол жүру бағасының жартысын төлейтін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұл тариф жалпыға бірдей 90 теңгеге теңестірілді. Ал қала әкімдігі жеңілдікті қайта қалпына келтірмесе, автопарктермен келісімшартты бұзамыз деген шешім шығарды.

Қазір қаладағы жолаушыларды 10 компания тасымалдайды. Жеңілдікті халық ең көп жүретін бағыттағы негізгі екі автопарк алып тастады. Ал қаладағы қоғамдық көліктердегі тариф бұдан екі жыл бұрын 75 теңгеден 90 теңгеге бірден өскен. Енді жеңілдік жойылды.

Жеңілдіктің жойылуы әсіресе көп балалы отбасылар мен зейнеткерлердің қалтасын қағып тұр.      

Дұрыс емес екенін тасымалдаушылар да біледі. Бірақ  автопарк жетекшілерінің сөзіне сенсек, қосалқы бөлшек, жанармай және техникалық қызмет көрсету құны өскен.

Елена Рядинских, автобус паркінің өкілі:

– Қалалық әкімдікті ескертіп келе жатқанымызға екі жыл болды. Жағдай күннен-күнге қиындап барады. Сондықтан жеңілдікті алып тастауға мәжбүр болдық. Сонымен қатар жолаушыларды тек таңертең-кешке ғана тасымалдаудан басқа амалымыз қалмай отыр.

Өскемен қаласының әкімдігі жеңілдікті жойған автопарк басшыларына қоғамдық тасымалдау туралы заңды бұзғаны туралы хабарлама ғана жіберген. Енді ол компаниялармен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады.

Әлібек Тұрсынбетов, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– ҚР-ның заңында жазылған. 7-15 жас аралығындағы балаларға 50% жеңілдік болуы керек. Сол себепті жеңілдік ақыны алып тастағаннан кейін келісімшарт бұзылды. Қазіргі кезде бізбен толықтай іс-шаралар қарастырылып жатыр. Бұл мәселені халыққа тиімді қылып шешу үшін.

Өскеменде жолаушыларды тасымалдау мәселесі толық шешімін таппай келе жатқанына бірнеше жыл болды. Әсіресе  жаңадан бой көтерген шағын аудан тұрғындары уақытының көбін автобус күтумен өткізеді. Шет жаққа жүретін әсіресе 54-55 және 42-бағыттағы автобустардың аралық жүру жиілігі кейде 40-45 минутқа созылады. Осының кесірінен үнемі адам лық толы. Енді оған жеңілдік мәселесі қосылды. Бұл әсіресе әлеуеті әлжауаз отбасылардың қалтасын қағып тұр. Ал автобустардың көбі техникалық тұрғыдан ескірген. Сондықтан жүруінен тұруы көп.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы