386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тарбағатайдағы аудандық аурухана электрондық құжат айналымының жемісін көріп отыр

  • 152
  • UPD: 08:45, 25.07.2019

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық ауруханасының қабылдау бөлімі «Үш аш» (3H) жүйесіне көшті.

Әлемнің озық елдерінде кең таралған бұл жүйенің адам өмірін сақтап қалудағы маңызы зор. Сонымен қатар медициналық мекеме электрондық құжат айналымының да жемісін көріп отыр. 

Кіндікті ауылының тұрғыны Тұрсынгүл Нұрсағатова осыдан бірнеше күн бұрын орталық ауруханаға түскен. Жайлауда жүріп жылан шағып алған ол алғашында ес-түсін білмей хал үстінде жатты. Қазір тәуір болып келеді. Жедел жәрдем мен білікті дәрігерлерге алғысын жаудырып отыр.

Тұрсынгүл Нұрсағатова, КІндікті ауылының тұрғыны:

- Жайлауға шақырғам сол, жедел жәрдем алып келді. Өздері жеткізді. Онан кейін осы жердің дәрігерлері тікелерінен тік тұрып түгелі менімен 3-4 күн алысты. Осындай дәрежеге жеткізді. Бәріне алғысымды айтамын, рахмет! Дәрі-дәрмек бәрі тегін. Тез қарады, бөгелген ештеңесі жоқ, қаншама дәрігерлер кеңесіп, осындай халге жеткізді, өліп те кетуші ме едім. Сол кісілердің арқасы, дәрігерлер, медбикелер, санитарлар арқасы.

Ауыр халде түскен науқастар бірден қызыл белгіге жатқызылып, оларға уақыт күттірмей жан-жақты көмек көрсетіледі. Бұл жаңадан енгізілген «3H» /үш аш/ жүйесінің талаптары. Ал сары түске жағдайы орташа, жасыл түске амбулаторлық ем алатын науқастар жатады. Медициналық іріктеу жүргізу үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алынып, бөлім жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа аурухананың ішкі қаражаттары есебінен 3 жарым миллион теңге бөлініпті. 4 маман арнайы біліктіліктерін жетілдірген.

Алмагүл Әштаева, Тарбағатай орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Бүгінгі таңда компьютерлермен 100 пайыз орталық аурухана дәрігерлері мен орта буын қызметкерлері қамтамасыз етілген. Әр бөлімшеде талшықты интернет тартылған, сапасы өте жақсы. Сол бойынша КМС бағдарламасына енгізіліп, бүгінгі күні қағазсыз жүйеге айналып, науқастың уақытын, дәрігердің уақытын үнемдеп, шіретті тоспайтын мүмкіндік жасап отыр.

Орталық аудандық аурухана 20 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Биыл күзге дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 6 маман осында жұмысқа тұрмақшы. Оларға баспана алуға жеңілдетілген несие және көтермеақы беріледі.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы