388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зайсандық балықшылар балық аулау лимитін 2 есе көтеруді сұрап отыр

  • 290
  • UPD: 20:27, 25.07.2019

Балық аулауға салынған лимит көлемі екі есеге артса. Зайсан көлін жағалай орналасқан ауыл тұрғындары билікке осындай базына айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі қазір тәулігіне тек 500 тонна игеруге рұқсат. Ал балықшылар шектеу алынса, өнім көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылар еді дегенді айтады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Өзен жағалағанның өзегі талмайды, дейді қазақ. Зайсан көлінің жағасындағы Байтоғас және Тұғыл ауылдарында 5 мыңнан астам халық тұрады. Олар негізінен балық шаруашылығымен шұғылданады. Қазір ауылдың болашағына сенген халық қайтадан көшіп келіп, жаңадан үйлер салуда.

Нұрмұхамбет Қанжекенов, қарт балықшы:

– Осы ауылдың тумасымын, жасымнан бері осы Зайсан көлінде балық аулаймыз. Зайсан – халықты асырап отырған көл. Көшкен адам қайта келіп, ауылды көркейтіп жатыр. Үй саны көбейді, бұрын үй саны аз болатын, қазір көшіп кеткендер бәрі осы ауылға келіп, тіршілігін көлді жағалап өмір сүріп жатыр.

Нұрмұхамбет ақсақалдың сөзінің жаны бар. Соңғы жылдары балық шаруашылығы бұрынғыға қарағанда көш ілгері. Елдің ежелден келе жатқан кәсіпке ынтасы артып, құлшынысы күшейген. Өскеменнен келген студент Досжан да әкесіне серік болып жүр.

Досжан Төлеуов, студент:

– Сүзгі, ау деген түрінде жүрмін. Балыққа таңғы сағат 5-те шығамыз, көлдің бетіне ау лақтырамыз. Бір жарым, екі сағат сүзіп келеміз, жағаға шығып ау тартамыз, балық оның соңында келеді. Соны көлікке тиеп,оны осында әкеліп өткіземіз.

Құрдастарыма айтарым, жаз айында 3 ай каникулды бос өткізбей, ата-анамызға қолғабыс етіп, балық болмаса басқа кәсіппен шұғылданып, көмектескеніміз дұрыс.

Бұл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі былтыр құрылған. Қос ауылдың 100-ден астам адамы еңбек етеді. Жалақылары уақытында, аудан бюджетіне түсетін салық көлемі де артқан. Жаңадан балық өңдейтін цех салыпты. Онда 30-дан 50-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашуға болады. Алайда ертеңгі күніміз бұлдыр болып тұр, дейді балықшылар.

Болатхан Асылханов, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

– Ең бірінші үлкен мәселе – Зайсан көлінің көксеркеге берген лимитінің аздығы. Ғылыми-зерттеу институты нәтижесі бар, нәтижесі бойынша Зайсан көлінде балық көп. Бізге мың тоннаға дейін лимит беруге болады. Бірақ әр түрлі бізге байланысты емес себептерге байланысты бізге 500 тонна ғана беріп тұр. Ол бізге жаңа жұмыс орындарын ашуға, жаңа өнімдер шығаруға, салықты көбейтіп, салық беруге бөгет болып тұр.

Балықшылар Ауыл шаруашылығы министрлігінен бұл мәселенің оң шешілуін сұрап отыр. Әйтпесе төккен тер, еткен еңбек бәрі зая кетуі мүмкін.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы