386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында астық тұқымын тазартатын заманауи жаңа кешен іске қосылды

  • 148
  • UPD: 21:53, 31.07.2019

Қостанай облысының Федоров ауданында астық тұқымын тазартатын заманауи жаңа кешен іске қосылды.

Оның басты ерекшелігі сол, дәнді дақылдарды іріктеп, сұрыптап, тазартып, улау шаралары автоматтандырылған жүйе бойында бір мезетте іске асады. Және жоғары сапалы тұқым алуға мүмкіндік береді.

Егіншілікте жоғары өнім алудың басты кепілі – ол сапалы тұқым. Аурудан ада, сұрыпталып, тазартылған  дән, құрғақшылыққа да төзімді келеді. Оны биылғы қуаңшылық жылы Федоров ауданындағы Тұрар шаруашылығы дәлелдеп отыр. Бұл мәселеге аса мән беретін шаруашылық биыл тұқым тазартқыш заманауи желіні іске қосты. Астықты өңірдегі жалғыз жаңа кешен алқаптан жеткізілген бидайды автоматты түрде өзі іріктеп, тазартып, тауарлысын, тұқымын, сосын қалдығын жеке бункерлерге бөліп құяды.

Александр Семко, механикалық қырман меңгерушісі:

– Бұрыңғыдай тасып, аударып, әуреленбейміз. Мұнда екі адам ғана қызмет көрсетеді. Әр бункерде, олармен байланысқан таспалы тасымалдағыштарда датчиктер орнатылған. Сәл бір кінарат болса, компьютер бірден белгі береді.

Осындай жоғары технологияның арқасында шаруашылық сапалы тұқым себу мүмкіндігіне ие. Оның нәтижесін егінжайлардан  көруге болады. Облыс алқаптарының біраз бөлігі биыл құрғашылыққа ұшырап, жұтап жатқанда, «Тұрардың» егіні жап-жасыл жайқалып тұр.

Қайрат Оспанов, шаруашылық басшысы:

– Биыл ылғал орташа нормадан екі есе аз түсті. Соған қарамастан, өздеріңіз көріп отырсыздар, гектарынан 17-19 центнерге дейін өнім аламыз ба деп отырмыз. Астық тазартқыш желіден өткізілген тұқым өнімділікті кемінде 10-20 процентке арттыратындығына көз жеткізіп отырмыз.

Жалпы Қостанай облысы бойынша биыл 4 миллион гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар себілген. Соның 600 мың гектарында шығымдылық өте нашар, дейді мамандар. Диқандар қауымы әлі де жауын-шашыннан үмітті.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы