386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда сумен қамту мекемесі кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруде

  • 139
  • UPD: 11:46, 01.08.2019

Арнамызға қиындыққа тап болған павлодарлық кәсіпкер хабарласты.

Көлік жуу қызметін ұсынатын бизнесмендердің айтуынша, олардың жұмысына сумен қамту мекемесі кедергі келтіруде. Салдарынан қызмет көрсету орындары тоқтап тұр, ал мамандар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл көлік жуу бекетінің тоқтап тұрғанына 20 күннен асты. Нысан небәрі бір ай жұмыс істеген. Кейін монополист компания есептеуіш құралдардың дұрыс болмауын желеу етіп, станцияны судан ажыратқан. Келісімшартқа да қол қоймапты. Жас кәсіпкерлер бұл іске 20 млн теңге инвестиция құйған.

Самат Кенжебалин, кәсіпкер:

Суды ажыратты да кетті. Актілерге есептеуіштерге пломба қойылмаған деп жазды. Бірақ үш ай бұрын біз монополистің талабы бойынша радиомодульді құрал орнатып, тиісті құжаттармен бекіттік. Енді жұмыссыз отырмыз. Көлік жуушыларымыз күтіп отыр. Төлейтін салық, жалақылар бар.

Ал бұл бекет тоғыз жыл бойы қызмет көрсетіп келеді. Мамандардың айтуынша, сумен қамтушы ұйым өкілдері келіп, түсіндірместен су беру құралдарын өшіріп кеткен. Салдарынан 20-ға жуық маман уақытша жұмыссыз атанды.

Павел Поддубный, көлік жуушы:

- Қол қусырып отырмыз. Үйде қарындасым бар. Төленбеген несиелерім бар. Не істерімді білмеймін. Бұл салада 10 жылдай еңбек етемін, осындай проблемаға бірінші рет тап болдық.

Бекет күніне жүздеген көлікке қызмет көрсетеді. Кәсыпорын иелері коммуналдық қызмет төлемдерін уақытында өтеп, жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып келеді. Енді судың жоқтығынан, шығынға батуда.

Данияр Абсаттаров, кәсіпкер:

Су жоқ. Бар мәселе суда. Не себептен ажыратылғанын да білмейміз. Монополистер талап қойса, орындауға әзірміз ғой. Ал ескертулері негізсіз. Бар түсінбеушілік осында. Енді қол қусырып отыруға мәжбүрміз. Есептеуіш құралдары талапқа сай. Құжаттардың бәрі дұрыс.

Бизнесмендер сумен қамту ұйымының табалдырығын тоздырса да, жауапты өкілдердің қабылдауына кіре алмапты. Барар жерлері қалмаған азаматтарға монополистке емес, шаһар басшылығымен кездесу оңай болды.

Сумен қамтушы ұйым директоры Анатолий Моисей кәсіпкерлердің шағымын үнсіз тыңдап, себептерін түсіндіруге тырысты.

Ұйым өкілі уәдесінде тұрмай, жұмыс орнында жоқ болып шықты. Оған қоса, түсірілім тобын кіргізуге рұқсат берілмеді. Әкімдікте өткен кездесу барысында қала басшылығы қиындыққа тап болғандарға барынша көмектесуге уәде берді.

Қайрат Нүкенов, қала әкімі:

- Кәсіпорын басшылығымен сөйлестім. Олар шығындардың көп екенін айтып, көлік жуушыларға қатысты шара қолданғандарын айтты. Бұны қалыпты құбылыс деп білемін. Бұл мәселені бақылауыма алып, қадағалаймын. Менің қолымда тұрмаса да, шешуге тырысамын.

Материал әзірленіп жатқанда бекет иелері хабарласып, моноплистердің байланысқа шыққанын жеткізді. Екінші тарап көлік жуушылармен екіжақты кездесу өткізіп, ашық әңгімеге дайын екенін мәлімдепті.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Алексей Омельницкий

 

Хабар 24 телеарнасы