386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл СҚО-да 700 шақырымнан астам жол жөнделеді

  • 134
  • UPD: 14:34, 01.08.2019

Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарын жөндеуге 37 миллард теңге бағытталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай қаражат бұл салаға бұрын-соңды бөлінбеген. Өйткені өңірде жергілікті жолдардың жартысына жуығы сын көтермейді. Ал, жергілікті билік аталған мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.

Жолдың жағдайын жүргеннен сұра демекші, Мамлютка қаласының тұрғыны Илья Ульянов облыс орталығына күніне екі рет қатынайды. «Небәрі 40 шақырымды 1,5 сағат дегенде жүріп өтем», - дейді ол. Ал ойдым-ойдым жол жүргізушінің көлігін ғана емес, жүйкесін де тоздырған.

Илья Ульянов, жүргізуші:

Ескі көлігім күнде сынатын. Қашықтық алыс болмаса да, қалаға жеткенше мазамыз кететін. Өйткені жолдың сапасы нашар еді. Міне, біртіндеп жөндеп жатыр. Қуаныштымыз. Ал пайдалануға берілген учаскелерде әлі күнге дейін жылдамдықты «сағатына 60 шақырымнан асырмау керек» деген белгілер тұр. Енді соны алып тастаса дейміз.

Қолға алынған ең үлкен жобалардың қатарында «Петропавл – Қорған» және «Тайынша - Чкалова» бағытындағы тас жолдар бар. Екеуінде де өткен ғасырдың 60-жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сәтін салса, олар келер жылы толықтай пайдалануға беріледі.

Солтүстік Қазақстан облысы елімізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша үшінші орында. Дегенмен де бүгінгі күні олардың 40%-і жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жергілікті билік өкілдері бұл мәселені кезең-кезеңмен шешпек.

Биыл мамандар 700 шақырымнан астам жол жөнделетіндігін айтады. Ал оның 587-шақырымы - жергілікті маңызы бар жолдар. Жұмыстар барлық аудандарда қолға алынды.

Ғалым Тасболатов, облыстық жолаушылар көлігі және аж басқармасы басшысының м. а.:

- 37 миллиард қаражат бөлініп жатыр. Ол барлық бюджеттен. Республикалық, облыстық бюджет. Сол 2017 жылмен салыстырғанда, бөлінген қаражат екі есеге көбейді. Сол бөлінген қаражат аясында 700 шақырым жолда жұмыс атқарылады.

Өңірде 2021 жылға дейін жолдарды 73%-ке дейін жақсарту көзделіп отыр.Ол үшін Солтүстік Қазақстан облысын кешенді дамыту бағдарламасы аясында бұл салаға 62 миллиард теңге бағытталмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы