389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қоршаған ортаның 80% ластайтын 80 компания анықталған

  • 444
  • UPD: 11:46, 02.08.2019

Әлемді алаңдатқан жаһандық жылыну Қазақстанды да айналып өтпеді.

Аптап ыстықтан еліміздегі егін шаруашылығы зардап шегіп отыр. Жалпы климаттың өзгеруі туралы 19 ғасырдың екінші жартысынан жиі айтыла бастады. «Дәл осы кезеңнен бері әлемдегі орташа ауа температурасы үздіксіз жоғарылап келеді» дейді синоптиктер. Оның Қазақстанға тигізер әсері қандай болмақ?

Әлем ғалымдары бірауыздан жаһандық климаттың өзгеруіне адам және оның іс-әрекеттері себеп болды дейді. Алысқа бармай-ақ, қазақ жеріндегі ахуалды алайық. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ауаның тазалығы мен су көздерінің сапасына қатысты шағым айтпайтындар кемде кем. Әсіресе, түтінге тұншыққан ірі шаһарлардың тұрғындары наразы.

Зұлпыхар Жолдасов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

– Негізінен қоршаған ортаны көмір қуаты негізінде жұмыс істейтін жылу энергетикасы кәсіпорындары ластайды. Олардың үлесі 40 проценттің шамасында. Бұдан бөлек, металлургия саласында да зиянды бөлшектер көп бөлінеді. Ал тау-кен және мұнай-газ салаларындағы компаниялар ауаның 20 процентін ластайды. 

Эколог мамандар кәсіпорындардан бөлінетін зиянды қоспаларды бірнеше түрге бөліп қарастырады. Олардың кейбірі ауамен араласып, тіпті климаттың өзгеруіне ықпал ететін көрінеді. Былтырдан бері жауапты министрлік өкілдері еліміздегі қоршаған ортаның 80 процентін ластайтын 80 компанияны анықтапты. Олардың қызметін тексеру барысында 3 мыңнан астам заң бұзу деректері тіркелген.

Зұлпыхар Жолдасов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

– Біз қазір жаңа экологиялық кодекстің жобасын әзірлеп жатырмыз. Оның басты қағидасы ластаушыны төлемге міндеттейді. Яғни кәсіпорынға айыппұл төлеуге қарағанда жаңа технология енгізу тиімді болуы тиіс. Екінші қағида ластаушы қоршаған ортаға келтірген шығынның орнын табиғи жолмен толтыруға міндеттеледі.

Құжатты әзірлеуші тарап айыппұлдан түскен қаражатты толығымен экологиялық шараларға жұмсау мәселесін де қарастырмақ. Бұдан бөлек, ірі компаниялардың шын мәнінде табиғатты қаншалықты ластап жатқанын бақылауды күшейтуге күш салып жатыр.

Елдос Абақанов, Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

– Жаңа кодексте қалаларда көміртектік саясатты іске асыру бойынша баптар болса, үлкен өнеркәсіпті де, қалаларды да, оның ішінде көлік болсын, жкх болсын басқа салалар реттеледі және қоршаған ортаға, климатқа келтіріп жатқан әсерін төмендетеді.

Әлемдегі ауа райының өзгеруі елімізді де толғандырады. Қазақстан Париж келісіміне қол қойған 200-ге жуық мемлекеттің қатарында. Келісім бойынша климатқа әсер ететін газ бөлшектерін 2030 жылға дейін 15 процентке төмендетуі тиіс. Әзірленіп жатқан жаңа экологиялық кодекс – осы міндеттемені орындаудың бір жолы.

Хабар 24 телеарнасы