385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласы 20 тамызға дейін қалпына келтіріледі

  • 254
  • UPD: 21:02, 02.08.2019

Арыс қаласында қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыс атқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықты тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілді. Қаладағы құрылыс жұмыстарының 90%-тен астамы аяқталды. 6500-ден астам тұрғын үй жөнделіп, 6500 отбасы өз баспаналарына жайғасты. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің Арыс қаласына жасаған сапары барысында айтылды. Үкімет басшысы құрылыс барысымен танысып, кеңес өткізді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Арыстағы жарылыстың салдарынан 7 мыңнан астам тұрғын үй мен 36 балабақша және 17 мектеп зардап шекті. «Қыс қыр астында» демекші, жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Сондықтан құрылысшылар мектеп құрылысын уақытында аяқтау үшін күндіз-түн демей еңбек етіп жатыр. Мәселен, орталықтағы мына білім ұясының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Әбсаттар Жүніс, мектеп директоры:

- Біздің мектеп әскери бөлімге ең жақын болғандықтан, көп жапа шекті. Себебі, мектептің шатырынан бастап, есік-терезелерінің бәрі қирап қалған. Спорт алаңына снаряд түскен, сосын өртенген. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатыр. Мектептің шатыры, терезелері мен едендері салынып, сырланып бітті есебі. Қазір әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысшыларға рахмет айтамыз.

Бүгінге дейін құрылысшылар жарылыстан зардап шеккен 7516 жеке тұрғын үйдің 6611-і, яғни 90%-ін жөндеп болды. Асқар Мамин қалған 905 бір қабатты жеке тұрғын үй мен 66 әлеуметтік нысанның құрылысын 20 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ белгіленген мерзімге дейін тұрғындарға берілетін біржолғы өтемақы төленіп бітуі тиіс екендігін ескертті.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

Тұрғындарға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 55865 құжат жиналды. Ішкі істер министрілігі базасымен салыстырылып, расталды. Бүгінгі күнге 30778 тұрғынға есепшоттар ашылды. Қалғанын 1-2 күнде бітіреміз. Төлем карточкаларын 5 тамыздан бастап тарататын боламыз.

Арнайы кеңес өткізген Премьер-министр Асқар Мамин Қорғаныс министрлігіне бекітілген жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ 20 тамызға дейін Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, әскери қалашықтағы әскерилерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін тездетіп шешуді жүктеді. Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру керектігін айтты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Қысқа мерзімде Арыс қаласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Үлкен құрылыс жүріп жатыр. Қаланың 90%-і, соның ішінде тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандар қалпына келтірілді. Көшелер мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілді. Бір айдың ішінде үлкен жұмыс атқарылды. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй жөнделіп, 6,5 мың отбасы өз үйлеріне кіргізілді. 66 әлеуметтік нысандар, соның ішіне аурухана, балабақша, мектеп, спорт нысандары 20 тамызға дейін қалпына келтірілетін болады.

Осыдан кейін Асқар Мамин Түркістан қаласына барды. Онда Үкімет басшысы 20-ға жуық нысанды аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін Түркістанда жаңа әкімшілік ғимараты, медиа орталық, оқушылар сарайы, музыка мектебі сияқты 11 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

 

Хабар 24 телеарнасы