386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде мұғалімдердің 40% ғана жеке өзіне тиесілі баспанасы бар

  • 156
  • UPD: 08:33, 11.08.2019

Қазақстандағы мұғалімдердің 40 процентінің ғана жеке өзіне тиесілі баспанасы бар.

Қалғандары туған-туыстарында, ата-аналарымен бірге немесе жалдамалы пәтерде тұрады. Әлеуметтік жағдай ұстаздарға қатысты пробеманың бір парасы ғана. Сондай-ақ жалақының кешігуі, қосымша жұмыстарға жегу сынды заң бұзушылықтар тағы бар. Осындай жағдайда мұғалімнің құқығын кім қорғайды?

Былтыр еліміздегі білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының бұзылғаны туралы 2900 дерек тіркелді. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының араласуымен оның мың жарымдайы шешімін тауып, қалғаны құзырлы органдарға жіберілді. Сондай-ақ мұғалімдерге төленбеген 200 миллион теңгеден астам қаржы қайта есептеліп, тиесілі иесіне төленген. Еңбекақының кешігуі немесе кемуі туралы деректер биыл Маңғыстау облысында тіркелді. 

Майра Амантаева, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

– Маңғыстау облысында біраз поблемалар болды. Миллиард ақшаның біразын төлеткіздік. Енді жарты миллиардтай ақша қалды. Оны да береміз деп уәде берді. Күнделікті біздің кәсіподақ назарда ұстап отыр. Бізде Білім министрлігімен және жұмыс берушілермен үш жақты келісімшарт бар. Сол келісімшарт арқылы Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі облыстарды аралап, 700-ден астам семинар өткіздік республика бойынша.

Кәсіподақ ұйымы ұстаздардың құқығын қорғаумен қатар демалысын да тиімді үйлестіреді. Осы мақсатта биыл 14 мыңға жуық мұғалім 50 проценттік жеңілдікпен шипажайларға жіберілді. Оған қоса әлеуметтік жағдайы төмен бір мың ұстаздың тегін тынығуын ұйымдастырды. Төтенше жағдайға тап болған арыстық мұғалімдерге де шама шарқынша жәрдем берген.

Майра Амантаева, Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

– Арыс біз сіздермен біргеміз, деп шешім қабылдап, 13 миллион ақшаны тапсырып, жиналыстарын өткізіп, олардың қандай проблемалары бар екенін сөйлесіп жиналыс өткізіп қайттық. Сол жерде қанша мектеп бар, сол мектепке бөліп бердік. Ол мектеп оны мұғалімдеріне бере ме әлде мектептің ішкі жұмыстарына жарата ма өздері біледі. Жаңа оқу жылы басталғаннан кейін тағы барып тыңдаймыз.

Мәліметтерге қарағанда білім жүйесі жетілген елдерде мұғалімдік бір орынға төрт-бес адам таласады. Себебі табысы мен әлеуметтік жағдайы тәуір. Тиісінше бәсекелестікпен қатар білім сапасы да жоғары. Осы үдеден шығу бізге де міндет. Бірақ ұсатаздардың еңбекақысы еліміздегі орташа айлықтан төмен. Оның үстіне әлеуметтік жағдай жасалмаған. Мамандардың айтуынша осыны жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс мұғалім мәртебесіне қатысты заң жобасына енгізілмеген. Оның үстіне әлеуметтік кепілдіктердің басым бөлігінің орындалуы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Десе де бар білгенін балаға үйретуден жалықпайтын ұстаздар қауымы жақсылықтан үмітін үзбей жаңа оқу жылына дайындықты бастап кеткен.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Әділқазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы