387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында «Асар» республикалық форумы өтуде

  • 158
  • UPD: 20:26, 21.08.2019

Ертіс өңірінде төрт әлеуметтік бағытты қамтитын «Асар» республикалық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі шара мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерін ортақ мақсат жолында біріктірген. Форум қатысушыларының пікірінше, үшжақты әріптестік аясында бастамаларды жүзеге асыру әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға сеп.

Форум аясында қоғамның өзекті мәселелері талқыланды. Солардың бірі – инклюзивті орта қалыптастыру. Бүгінгі заманда адамдарды санатқа бөлмей, әр тұлғаның дамуына бірдей жағдай жасалуы тиіс. Бұл - форум қатысушыларының пікірі және ортақ мақсаты. Қоғамдық бірлестік өкілі Камила Ролланның пікірінше, елімізде инклюзивті қоғам бар деп айту ерте.

Камилла Роллан, «Еducation for аll» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы:

– Мемлекет деңгейінде талпыныстар болғанмен, ұлттық деңгейдегі инклюзивті білім беру жүйелі дамымаған. Себебі бұл - күрделі үрдіс. Инклюзивті ортаны бір сектор өзі қалыптастыра алмайды. Бұл іске мемлекет, бизнес құрылым да атсалысу керек. Ол үшін заңнамалық актілер керек.

Үш жақты ынтымақтастықта бизнестің салмағы басым. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытамыз десек, мәселені жүйелі шешкен абзал. Мысалы, бір жыл бұрын құрылған «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігін алсақ. Ұйым бизнес пен қоғам үшін ортақ алаң құрған. Бүгінде арнайы портал арқылы мыңдаған азаматқа 1 млрд теңгенің көмегі көрсетілді. Арыс қаласында 500 нысан қалыпқа келтірілді. Жомарт жандарды біріктірген де осы ұйым.

Ермек Дүйсенханов, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілі:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік дамысын десек, жүйелі істер керек. Мысалы, жаңа оқу жылында мектептерде «Кәсіпкерлік негіздері» атты жаңа пән енгізілді. Оқу материалдарында әлеуметтік бизнес деген бөлім бар. Бұл жүйелі жұмыстардың бір мысалы. Орта түбегейлі өзгеріп келеді.

Форумға жиналған қауым жергілікті қоғамдық ұйымдардың жұмысына бағасын берді. Бүгінде Ертіс өңіріндегі еріктілер қозғалысының тәжірибесі - өзгелерге үлгі. Ауыл-аймақтардағы әлеуметтік жобалар да жетерлік.

Райан Уэддл, Usaid кеңсесінің жетекшісі:

– Үш сектордың кездесуі аса маңызды. Бір-бірімізді түсініп, болашаққа бағдарлаған жоспарларымызды айқындап алдық. Қазақстанда қайырымдылық қозғалысы жақсы дамып келеді. Дұрыс жолға қойылған. Бизнес құрылым бұл жауапкершілікті сезунеді.

Әлия Ғалымова, ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы:

– Форум барысында шағын бизнес ұсынған әлеуметтік жобаларға назар аудардық. Мәселен, елімізде «Ана үйі» атты жоба бар. Сонымен қатар жастарға бизнеспен айналысуға мүмкіндік беретін «Энактус» жобасы баршамызға жақсы таныс. Осы тектес шаралар ауыл-аймақтарда да даму керек. Павлодар облысының Баянаулы ауданында Қаражар ауылы бар. 300 тұрғын мемелкетке қарап отырмай, ауылдарын көркейтіп жатыр. Бұл - баршамызға үлгі.

Қазіргі уақытта «Асар» форумының онлайн-тұғырнамасындағы әлеуметтік жобалар байқауына 144 өтінім түскен. 100 үздік жоба іріктеліп алынды. Олардың үздіктері ертең таныстырылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы