385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі ауылда су краннан сыздықтап ғана ағады

  • 140
  • UPD: 21:50, 22.08.2019

Елордадан 30 шақырым жерде Бозайғыр деген ауыл бар. Тірлігі қыз-қыз қайнаған қаланың дәл іргесінде жатыр демесеңіз мұнда қордаланаған мәселе көп.

Тұрғындар да қашанғы шыдасын, базына айтып жатыр. Қазір онда 800-ден астам отбасы тұрады. Көбісі ауылда жұмыс болмаған соң іргедегі елордаға қатынап нәпақа табады. Әйтеуір үміттің жетегінде. 

Айы-күні толып отырған Александра «сәбиіме қалай күтім жасаймын» деп алаңдайды. Суды түңгі сағат он екіден кейін ыдыстарға толтырып алады. Әйтпесе таңның атысымен қайтадан қысымы азайып, сыздықтап тұрады. Бау-бақшаны суару үшін де отағасы екеуі түнімен су жинайды. Бозайғырға орталықтандырылған су құбырының жүргізілгеніне көп болмаған. Ауыл әкімі бар мәселе тұрғындардың тұтынуында деп отыр.

Гүлнәр Омарова, Бозайғыр ауылдық округінің әкімі:

- Мен үшін қызық нәрсе бүгінгі таңда, қазір сондай проблема туып тұрғаны. Себебі кеше ыстық күндері судың қысымының болмағаны рас. Оның себептері бар. Негізгі құбырда отырған адамдар картошкаларын суарады. Машиналарын жуып жатады. Өздерінің аулаларын сулап жатады. Кешегі қатты ыстықта сондай жағдай болып, шеткі көшелерге жеткенше қысым аз болды. 

Әкім үшін қызық мәселе болғанымен ауылдың шеткі үйлерінде тұратындар қара суға зар болып отыр. Бас қаланың іргесіндегі ауылдың ішкі жолдары да сын көтермейді.

Оңдалы Дулгин, Бозайғыр ауылының тұрғыны:

- Жазды күндері су келмейді. Напор аз болады. Жол мәселесі жаман. Жол жоқ, шоқалақ. Автобустың өзі жоқ. Такси, кейде такси де жоқ. Уәде беріп жатыр, істейміз, істейміз дейді. Әлі бірақ нәтиже жоқ. Ауылда жергілікті қауымдастық құрылған. Яғни белсенді тұрғындар комиссия құрып, ішкі проблемаларды шешуге араласады. Алайда қаржы болмағасын олар да дәрменсіз.

Марина Гининенко, жергілікті қауымдастық мүшесі:

- Жол жөнделмей жатыр. Негізі, биылғы жылға жоспарланған еді. Алайда, бюджеттен ақша бөлінбеді. Соңғы 3 жылда жолдың жайын айтып біраз жерге бардық. Ауылдың көшелерін жарықтандыруға биыл аудандық бюджеттен  24 млн теңге бөлінеді деген. Алайда ол жұмыстар әлі басталған жоқ. Қоғамдық көлік шығарамыз деп уәде берді. Ауылдың ішінде жол болмағандықтан автобустар тасжолдың бойына тоқтайды деп жатыр.

Тұрғындары қалаға қатынап жұмыс істейтін ауылға қоғамдық көлік көптен жүрмейді. Тасымалдаушы компаниялар жолдың жайын сылтауратады екен.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Тұрғындардың тағы бір уайымы-ауылдың орта мектебі жаңа оқу жылына әлі дайын емес. Ал сабақтың басталуына санаулы күндер қалды. Биыл мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталған екен. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, әлі аяқталатын түрі жоқ.

Себебі жөндеу жұмыстары мерзімінен кеш басталған. Мердігер мекеме өкілі «2 аусыммен жұмыс істеп жатырмыз, уақытында тапсырамыз» деп сендіруге тырысты. Алайда әлі қыруар жұмыстың бары көрер көзге көрініп тұр. Сынып бөлмелерінің едені, кейбір бөлменің есігіне дейін жоқ. Ауланың жайын айтпаса да болады. Мектеп туралы сұрағанда күмілжігенмен, окург әкімі де мердігердің уәдесіне үміт артып отыр. Ал үлгермей қалған жағдайда басқа жоспары жоқ емес.

Гүлнәр Омарова, Бозайғыр ауылдық округінің әкімі:

- Бірінші қыркүйекке үлгермесе, бізде колледж бар. Бірінші қыркүйекте біздің балалар үшін біз міндеттіміз, мереке ғой, сондықтан, ол мереке бізде бәрібір болады.  

4 мыңнан астам тұрғыны бар округте 600-ден астам оқушы бар. Олар білім күні жөнделген ғимаратқа кіреміз деп күтіп отыр. Жалпы бас қаланың түбінде орналасқан ауылды гүлдендірсе болашағы зор. Алайда әзірге ауылға жаны ашығандар байқалмайды. Тіпті халық демалысын өткізетін бірде-бір мәдени ошақ жоқ. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы