385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде күріштің жаңа сұрпының алғашқы өнімі жиналды

  • 177
  • UPD: 23:28, 23.08.2019
Сыр өңірінде күріштің жаңа сұрпының алғашқы өнімі жиналды

Қызылорда облысы күрішке орақ салды. Ақ маржан биыл да жылғыдай 88 мың гектар жерге егілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жиналатын өнім көлемі былтырғыдан әлдеқайда көп болады деген болжам бар. Сынақ ретінде егілген отандық жаңа күріш сұрпының да шығымы жақсы. Ақмешіт атырабындағы егін жинау науқаны биыл несімен ерекшеленбек?

Қызылорданың қатаң климатына күріштің кез-келген түрі төзе бермейді. Сондықтан Сыр диқандары оның сұрпына ерекше мән береді. Көп жылдан бері өңірде ресейлік тұқымдар егеліп келеді. Дегенмен соңғы уақытта күрішші қауымның көңілі отандық жаңа сұрып – «Сыр сұлуына» ауып отыр.

Қылышбек Сүлейменов, шаруашылық бригадирі:

- Ресейдің сортына қарағанда өнімділігі, көктеп шығуы жылдам, тез басын көтеріп, тез қатарға қосылып кетеді. Әр центнерден 70-75 центнер күтіп отырмыз. Дәні бұрынғы сорттардың сабағында 32 болса, бұл сортта 36 болады. Мың дәні 3600 кг болып есептеледі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Бұл алқапта отандық ғалымдар шығарған күріштің «Сыр сұлуы» сорты егілген. Диқан қауым оның өнімділігіне өте жоғары баға беріп отыр. Ең бастысы - суды аз қажет етеді және тез пісіп жетіледі. Ресейлік сорттарға басты бәсекелес осы «Сыр сұлуы» болмақ. 

Жылдағы дәстүрмен көк лента қиылып, алқапқа комбайн түсті. Осылайша, «Сыр сұлуының» алғашқы өнімі жиналды. «Элиталық тұқымдардан бір елі кем түспейтін жаңа сұрыптың тұқымын көбейтіп, келер жылы молынан өнім жинау жоспарда бар», - дейді күрішшілер. Ал жалпы облыс бойынша басты дақыл бітік шықты деуге болады.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м. а.:

-Өткен жылы бізде ауа райынан да, судан да сәл мәселелер болды. Күрішке піспей қалған да егіс көлемдері болды. Өткен жылы сол 54 центнердің үстінде өнім алғанбыз. Биылғы жылы енді ауа райынан да, су жағынан да мәселе болған жоқ, шаруашылықтар барлығын уақытында атқарды. Сондықтан биылғы жылы жоғары өнім аламыз деп ойлап тұрмыз.

Сыр өңірінің басты экспортқа шығаратын өнімі де ақ күріш екені белгілі. Өткен жылы сырт елдерге барлығы 80 мың тонна сыр маржаны сатылған. Мамандар Қызылорданың күрішіне шетелден сұраныс жыл өткен сайын артып отырғанын айтады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы