389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Егін шаруашылығына жаңа технологияны қолдану қажет

  • 144
  • UPD: 10:42, 26.08.2019

Егін шаруашылығына жаңа технологияны қолдану қажет, дейді мамандар.

Ылғалды сақтап, тыңайтқыштарды тиімді пайдаланса, мол өнім алатынын алға тартады олар. Өйткені еліміздің бірнеше өңірінде диқандар қуаңшылықтан зардап тартады.

Егіншілікке заманауи технологияларды енгізу үшін мемлекеттен нақты көмек керек. Әйтпесе, ұсақ шаруашылықтар ескі техникасын жаңартуға қаржы таппай отыр. Одан қалды сапалы тұқымның өзі қымбат. Жанар-жағармай бағасы да құбылып тұр. Астықты өңірдің шаруасы Василий Гаврилюк осылай дейді. Тәжірибелі диқанның айтуынша, Америкада жасалған комбайн мен суару кешенін ірі агроөнеркәсіп холдингтері ғана ала алады.

Василий Гаврилюк, шаруа қожалығы басшысының орынбасары:

– Мұндай кешендерді алған жайғдайда ол өзін-өзі ақтауы керек. Оған лайық егістік алқабы болуы тиіс. Мың гектар жері бар шаруаға ондай техника қажет пе? Кәдімгі трактормен де жұмыс істеуге болады. 30-60 мың гектар жері барлар ғана заманауи техника алғаны дұрыс деп ойлаймын. Техника аламын деп, несие қарызына батып жатқан шаруалар қаншама. Қарызды қайтарамын деп жүргенде, алған техникасы да ескіріп кетеді.

Жер емген шаруа күнде көріп жүрген проблемаларын айтып тұр. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі қайтсек өнім көлемін ұлғайтып, экспорттың әлеуетін арттырамыз деп бас қатырады. Ғалымдар да тиімді жолдарын іздеп әлек. Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы «дәлме-дәл егіншілік технологиясын» ұсынады.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Орталық биыл 3000 гектар жерге тәжірибе жасап көріпті. Ғалымдардың айтуынша, осы технологияны елімізде жаппай қолданса, өнімділік көлемін бірнеше есеге арттырып, бидайдың сапасын жақсартуға болады.

Жалпы бұл технологияны өткен жылы 3 агроөнеркәсіп кешені қолданса, биыл 90-ға жуық қожалық қызығушылық танытқан. Келесі жылы 200-ден асады деген жоспар бар. Алайда бұл технологияны енгізген бойда пайдаға кенелеміз деуге ерте.

Бақыт Ирмулатов, ауыл шаруашылығы маманы:

– Жаңа технология болғасын, жаңа техника керек. Бұған көп тыңайтқыш, гербицид керек. Оның бәрі өте қымбат тұрады. Сондықтан солардың бәрінің бағасын қалыпты қылып, субсидия енгізсе, бұл технология өніп, кіріп кетеді.

Ғылыми орталық мамандары тұқымның сапалы сұрыптарын қолдануға кеңес береді. Ол алдымен қуаңшылыққа төтеп беруі керек. Жалпы климаты құрғақ өңірлердегі диқандардың діңкесін құртқан осы – қуаңшылық.

Кенже Абдуллаев, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы  ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:

– Биылдың өзінде кішкене қуаңшылық болып тұр. Әрине, сол қуаңшылықпен күресетін тек біз емес, Ресейде де қуаңшылық болып тұр. Енді онымен бірден-бір күресетін жағдай – қуаңшылыққа қарсы сорттар шығару. Мемлекет дүние жүзіндегі қуаңшылыққа қарсы сорттарды егіп, оны біздің будандастыру арқасында жаңа сорттар шығаруға тырысып жатырмыз.

Тұқымнан бөлек, жерге тимей, ылғалды сақтау әдісін қолдану керек, дейді орталық басшысы. Жалпы елімізде әлемдік озық технологияларды енгізу нәтижесінде тамшылатып суарылатын алқап көлемі соңғы 15 жылда 300 есеге өскен. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Ауыл шаруашылығы министрлігі америкалық компания жасаған кезенді суару жүйесін енгізіп жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы