387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында азық-түлік бағасы қымбаттаған

  • 184
  • UPD: 15:42, 03.09.2019

Түркістан облысында азық-түлік бағасының қымбаттағаны байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өскен. Мәселен, былтыр күріштің 1 келісі 250 теңге болса, биыл 350, қант 280-нен 300-ге, пісте майы 1500-ден 1800 теңге көтерілген. Ет экспортының ұлғаюына байланысты өңірде еттің құны шарықтап кеткен. «Бұған дейін 1650-ден сатылып келген сиыр еті 2000 теңгеге бірақ шықты. «Жылқы еті де осы шамалас», - дейді тұрғындар. Бүгінде қазақстандық еттің негізгі тұтынушылары – Өзбекстан мен Ресей, Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері.

Биыл Түркістан облысының шаруалары 12 мың тоннадан астам етті экспортқа шығарған. Жергілікті кәсіпкерлер соңғы 7 айда 100 мың тонна ет өнімін өндірген. Сондай-ақ көкөніс дақылдары да еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресейге және Литва елдеріне экспортталуда. Биыл өңір диқандары бақша дақылынан 1 млн 400, көкөністан 900, ал жеміс-жидектен 120 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Үкіметке азық-түлік бағасын реттеп, тұрақтандыруды тапсырған болатын.

Құрманкүл Баймағамбетова, саудагер:

- Былтыр күріш 220-250-ден сатылған. Биыл 330-350-ден болып жатыр. Күріштің сортына қарай, арзан күріштердің өзі 250 болып жатыр.

Жарқынбек Құлбайынбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Осыдан 1 жыл бұрын еттің бағасы 1 мың теңге болатын. Жылқының еті 1200 болатын. Кеше базарға барсам 2100 бопты. 2 келі ет алатын болсаң, 5 мың теңгең кетеді. Базарды реттеу мәселесінде тапсырманы қатаңдату қажет. Төмендеудің орнына күннен күнге көтеріліп бара жатыр. Қаймақ, сүттің сыртына қарап отырсаң, бірі Беларусьтен, бірі Ресейден келеді. Ең малы көп біздің Қазақстан, бірақ біздің сүтіміз қайда? Біздің қаймағымыз қайда?

Хабар 24 телеарнасы