389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада газ саласында еңбектеніп жүрген жастардың слеті өтті

  • 262
  • UPD: 23:12, 04.09.2019
Елордада газ саласында еңбектеніп жүрген жастардың слеті өтті

«Ұрпақ тәжірибесі және бүгінгі энергия – келешек игілігіне». Елордада осындай атаумен газ саласында еңбектеніп жүрген жастардың үшінші слеті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтулы шараға, «ҚазТрансГаз» ұлттық газ операторының құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» компаниясының жас мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби дамыту шараларына қатысты.

Конгресс-орталыққа газ саласында еңбек етіп жүрген белсенді жастар жиналды. Айтулы шараны «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының басшысы Валентин Хван ашып, газ саласының жалынды жастарына сәттілік тілеп, олардың ерекше санаттағы бірегей мамандық иелері екенін айтты. Осымен үшінші рет өткізілген слетқа «Интергаз Орталық Азия» компаниясының барлық филиалдары мен «ҚазТрансГаз» еншілес компанияларының 200-ге жуық жас маманы келді. Олар өз тағдырын Қазақстанның газ саласымен байланыстырған жалынды жастармыз дегенді мақтанышпен айтады.

Әлімжан Балмұханов, «Интергаз орталық Азия» АҚ «Орал» ЖӨБ бастығы:

- Жалпы біздің компаниямызда барлық жұмысшылардың ішінде 30%-і жастар. «ҚазТрансГаз» компаниясы арқасында осындай керемет форум өткізіп, бізге үлкен тәжірибе беріп жатыр. Келешекте де біз осы компанияның үлкен жетістіктерге бірге жетеміз деп ойлаймын.

Үш күнге созылған слетте жастар тренингтер мен шеберлік сабақтардан тәлім алып, зияткерлік спорт ойындары мен көшбасшылық қасиеттерін айқындайтын байқауларда бақ сынасты. Кездесу барысында ресейлік танымал бизнес-тренер Андрей Левченко жас мамандарға жеке тұлғаны дамыту, жетістікке жету тәсілдері туралы үйретті.

Андрей Левченко, бизнес-тренер (Ресей):

- Мен бүгін бұл жастардың көзінен өз ісіне деген сүйіспеншілікті көрдім. Себебі, оларға «ҚазТрансГаз» компаниясы барлық мүмкіндікті беріп отыр. Білімін жетілдіруге, тәжірибе алмасуға зор ықпал жасауда. Сондықтан да, жастар бар мүмкіндікті пайдалана білуі қажет. Мұнда газ саласының жастарының өсіп-өнуіне мүмкіндік мол екені көрініп тұр.

Сондай-ақ «Инновациялар мен стартаптар» сессиясы аясында қатысушылар тарапынан инновациялық мазмұндағы 9 авторлық жоба ұсынылды. Ең үздігін сараптау комиссиясы анықтайтын болады. Жеңімпаз жоба мақұлданған жағдайда, келешекте өндірістік қызметке енгізілуі мүмкін. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы