387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мұғалімнен туберкулез ізі анықталды

  • 147
  • UPD: 16:22, 07.09.2019

Ақтөбеде физика пәнінің мұғалімінен туберкулез ізі анықталды.

Ұстаз дертке шалдыққанын оқу жылы алдындағы жоспарлы тексеру кезінде білген. Қазір ол облыстық туберкулезге қарсы ауруханада тиісті ем-дом қабылдауда.

Облыс орталығындағы шығармашылық академиясында бұл маман ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап еңбек еткен. Физика мен астрономия пәндерінің үйірмесін жүргізеді. Жазғы демалыстан кейін қызметіне қайтып оралмапты. Себебі өкпесінің қабынғандығын оқу жылы алдындағы кезекті тексеру кезінде біледі. Мамандар ұстазды дереу ауруханаға жолдап, эпидемиологиялық қызметке де хабар берген.

Ерлан Тәтімов, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:

– Оң жақ өкпесінің екінші бөлігінде туберкулез ошағы анықталған. Анықталғаннан кейін жедел түрде ауруханаға жатқызылған. Бүгінгі күнде емін алуда. Ешқандай дәріге кері әсері жоқ. Жағдайы бір қалыпты.

Дәрігерлер туберкулездің бұл түрі жұқпалы емес дейді. Тек дертке шалдыққан азамат қана 8 айға дейін ем алуы тиіс. Белсенді кезеңінде ғана ауруханада жататын болады. Науқастың қасындағы адамдарға ешқандай залалы жоқ екендігін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері де растап отыр.

Назгүл Ерғалиева, қалалық сапа мен қауіпсіздік бақылау басқармасының бөлім басшысы м. а.

– Осы жағдай бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, байланыстағы жандар анықталды. Ауру жоспарлы алдын алу, тексеру кезінде анықталған. Науқас туберкулездің жұқпалы емес түрімен ауырғандықтан, айналасындағыларға қауіп тудырмайды.

Дегенмен жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған шараларға сәйкес дертті азаматпен байланыста болған жандар ескертілуі тиіс. Қажет болса тексеруден де өтеді. Алайда физика пәнінің мұғалімі еңбек еткен шығармашылық академиясына санитар мамандардан ақпарат жетпеген сыңайлы.

Шәмшәт Жұбай, шығармашылық академиясының директоры:

– Қазіргі таңда біздің қолымызға ешқандай медициналық құжат келген жоқ. Тек қана әлеуметтік желіден осылай естіп жатырмыз.

Ақпараттандыру саласы ақсап тұрған санитарлық эпидемиологиялық қызметтен шығармашылық академиясына зерттеу туралы ескерту кеш те болса жетуі тиіс. Бірақ бұл жайттың тағы бір тұсы белгілі болды. Дертті ұстаз өткен оқу жылында Ақтөбе қаласындағы нөмірі 12-орта мектепте де дәріс берген. Алайда бұл туралы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары хабарсыз болып шықты. Сондықтан ол жерде зерттеу жұмыстарының жүргізілуі екіталай.

Авторлары: Мансұр Есқодин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы