387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» түсірілім тобы Тілекқабыловтар әулетімен жүздесіп қайтты

  • 310
  • UPD: 00:43, 08.09.2019

«Мерейлі отбасы» байқауында мерейі үстем болған бұл жанұя Индер ауданы Есбол ауылында тұрады. «Хабар 24» түсірілім тобы сонда арнайы ат арылтып, өнегелі әулеттің сыр-құпиясын біліп қайтты.

Үрім бұтағы кеңге жайылған Тілекқабыловтар отбасының отағасы Төлеш ақсақал бүгінде өмірде жоқ болғанымен, ол кісінің жақсы аты, бүкіл саналы ғұмырын арнаған ұрпақ тәрбиесі, ұстаздық ету жолындағы ерен еңбегі қалды. Зайыбы Аймекен Тілекқабылова екеуі 6 бала тәрбиелеп, одан бүгінде 21 немере, 19 шөбере көріп отыр.

Аймекен Тілекқабылова, Есбол ауылының тұрғыны:

- Ұрпақ тәрбиесі үшін өте қатты қажыр-қайратын жұмсады. Елдің де, өзіміздің көрген балалардың бәрі де әкесінің тәрбиесінде, әкесінің жақсылығын бәрі де қабыл алып, шүкір балаларымыздың барлығы өсіп-өніп жатыр.

Ұстаздықты жанына серік еткен отағасының жолын ұл-келіндері мен қыз-күйеулері де жалғастырып отыр. Ортаншы ұлы Асхат пен келіні Нарни де бүгінде туған ауылындағы мектепте бірі басшы, бірі шет тілінен сабақ береді. Тек екеуінің педагогтық еңбек өтілі 40 жылдан асады. Осылайша, қарапайым отбасында ұстаздар династиясы қалыптаспақ. Тәжірибелі мұғалімдер бүкіл әулетіне абырой әперген ұстаздық кәсіптің шырақшысына айналып отыр.

Асхат Тілекқабылов, Есбол ауылының тұрғыны:

- Мұғалімнің алдына бірінші сыныпқа келген бала ол мына ақ қағаз сияқты. Мұғалім, ұстаз сол қағазға қалай жазады содан кейін бала солай болып қалыптасады.

Үлгілі отбасының өзге ұрпақтары да түрлі салада ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Ұлағатты отбасы - ұлт қазынасы. Тілекқабыловтар отбасы үшін шаңырақтағы татулық пен берекеге бастар жол үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге деген ізеттілігінде жатыр. Егер Отанның отбасынан басталарын ескерсек, бұл жас ұрпаққа деген тәрбиенің қайнар көзі болары сөзсіз.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы