387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы ауылда құны 262 млн теңге су құбырының құрылысы аяқсыз қалған

  • 111
  • UPD: 09:20, 09.09.2019
ШҚО-дағы ауылда құны 262 млн теңге су құбырының құрылысы аяқсыз қалған

Шығыс Қазақстан облысындағы Красная Шемонаиха ауылының да тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын елді мекенге 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 262 миллион теңге бөлініп, орталықтандырған су құбыры тартыла бастаған. Алайда басталған жұмыс жол ортаға келгенде аяқсыз қалды. Ал ауылға 60 жыл бұрын салынған құбыр әбден тозғандықтан, одан аққан су жер бетіне бұлақ болып шығып жатыр. Екі жыл бұрын қыруар қаржы бөлінген жобаның соңы неліктен сұйылып кеткенін арна тілшісі Олжас Керейхан зерттеді.

Олжас Керейхан, тілші:

- Үш жыл күткен ауыл тұрғындарының үміті енді үзіле бастағандай. 2017 жылдың жазында жаңа су құбыры тартыла  басталғанда халық қатты қуанған. Алайда, ол ұзаққа созылмады. Мердігер мекеме жұмысты жол ортадан қалдырған.

Жанар Жантоқова, ауыл тұрғыны:

- Жаңадан құбырлар өткізілген болатын. Бірақ су жоқ. Ескі құбырдан қолданамыз. Бірақ ол сап-сары. Тамшылап ағады. Түнде ғана келеді. Аздап-аздап. Міне көрсеңіздер, елдің бәрі бақшасын тастап кетті. «Су болады, жасаймыз» дейді. Негізі газеттерге есеп беріп тастады ғой, «су бар» деп.

Халықтың әсірсе жазда кенезесі кебеді.Сондықтан кейбір отбасылар 8 шақырым жердегі аудан орталығынан су тасуға мәжбүр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Жер астынан шығып жатқан мындай жасанды бұлақты бұл ауылдың әр жерінен көруге болады. Өткен ғасырдың 60-жылдары төселген құбыр әбден тозғандықтан, одан аққан су далаға жайылып жатыр. Осының кесірінен ауылдың жоғарғы, яғни дөңнің үстіндегі отбасылар ауыз судың азабын тартып отыр.

Жаңа су құбырының жобалық құжаты 2014 жылы жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бірақ бюджеттен қажетті қаражат тек 2017 жылы бөлінеді. Сол жылы 262 миллион теңгеге 12 шақырым құбыр тартылып, су мұнарасы мен екі ұңғыма қазылады. Яғни жұмыстың 70%-і істеледі. 2014 жылы берілген мемлекеттік сараптаманың мерзімі аяқталғандықтан, қызу жүріп жатқан құбыр құрылысы да тоқтайды.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

-Жобалық-сметалық құжаттың сараптама уақыты өткеннен кейін жұмыстар тоқтатылып, қайта қарастыруға мәжбүр болдық. Өйткені көптеген мәселелер пайда болды. Жобаны іске асыру кезінде көптеген жер жұмыстары дұрыс жасалмаған.

Мемлекеттік сараптама қорытындысы шықпай жұмысты бастауға мердігерге рұқсат бергендеріне аудандағы осы жобаға жауапты атқамінерлер де өз қателіктерін мойындап отыр. Қазір су құбырының жобалық құжаттары қайтадан мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Басталған жұмысты аяқтау үшін бюджеттен қайтадан 62 миллион теңге бөлінген. Нақты жұмыс қашан басаталып, ауылға судың нақты қашан берілетінін ешкім дөп басып айта алмайды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы