387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтардың несиелік ауыртпалығын жеңілдету шарасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды

  • 145
  • UPD: 11:39, 10.09.2019

Бір реттік шара болғанымен, шын мұқтаж жандарға үлкен қолдау.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың несиелік ауыртпалығын жеңілдету туралы шешімін тұрғындар осылай бағалап отыр. Орынды шешімнің игілігін көріп отырғандардың арасында алматылықтар да көп.

Алматылық Ақтоты Ешмұханова – жеті баланың анасы. Алтын алқаның иегері. Несиесі кешірілген мыңдаған қазақстандықтың бірі. Отағасы екеуі де жұмыс істейді. Балаларының көйлегі бүтін, тамақтары тоқ. Бірақ кейде аяқ астынан ақша керек болады. «Банкке 200 мың теңгеден астам берешегіміз бар еді», - дейді батыр ана.

Ақтоты Ешмұханова, көп балалы ана:

– «Балалы үй – базар» дегендей, балалар үйдегі теледидарды шағып тастады да, былтыр желтоқсан айында теледидар алған болатынбыз. SMS келді. Қуандық әрине. Аяқ астынан болды. Күтпеп едім, бірақ өте қуанышты болдым.

Ақжолтай SMS «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевқа да келіпті. Мемлекет оның несиеге алған телефонының 115 мың теңгесін кешірген. Олжас мырза болса: «Мұндай көмекке зәру емес едім», - дейді.  

Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:

– Ол қате емес. Менің отбасымның мүшелерінің бірі сол категорияға жатады. Несием солай жабылды. Бірақ өз ойымша, моральдық ешқандай құқығым жоқ. Біздің «Менің Атамекенім» деген қайырымдылық жобамыз бар. Сол жоба арқылы бір қиын жағдайдағы отбасына көмектесем деген ойым бар.

Бұл жайт әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова былай жауап берді. 

Светлана Жақыпова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

– Жарлық ешкімді де бөлмейді. Мұқтаж ба, мұқтаж емес пе? Кірісіне қарамастан, барлық қазақстандық көп балалы болса бәріне де жарлық жүреді.

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

– Несиесін төлей алмай отырғандардың берешегін ғана кешірсек, онда теріс түсінік туады. Несие алып төлемей қойсақ, мемлекет қайтарады екен деген ой қалыптасады. Сондықтан 6 санатқа жататын азаматтардың барлығына тең жағдай жасалды.

Кейбір азаматтар аты аталған санатқа жатсақ та несиеміз кешірілген жоқ дейді. Олай болса 111 нөміріне хабарласып мән-жайды анықтауыңыз қажет. Ал көмек керек емес, шын мұқтаждар алсын десеңіз де өз ықтиярыңыз. Тиісті заң ережесі бар. Соның негізінде бұл ақшаны әлеуметтік бастама ретінде бюджетке қайтарып беруіңізге болады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы