389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» агенттігі әлеуметтік желіде тележүргізушілерге кастинг жариялайды

  • 398
  • UPD: 22:22, 17.09.2019

«Хабар» агенттігі тележүргізушілерге кастинг жариялады.

Байқау бүгіннен басталып, қазанның 23-іне дейін жалғасады. Үш сатыдан тұратын іріктеу кезеңі instagram желісі арқылы лайф режимінде өтеді.

Жаңалықтар я бағдарламалар жүргізушісі боламын дегендерге «Хабар» агенттігі үлкен мүмкіндік жасап отыр. Бұл байқауға он сегіз жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Бүгін басталған кастинг қазанның 23-іне дейін жалғасады.

Бұл - іріктеудің бірінші кезеңіндегі талап. Одан өткен қатысушылар екінші турда өз қаласындағы оқиғалар желісін баяндауы тиіс. Ал ақтық сынақ «Хабар» агенттігінің студиясында өтеді. Сөйтіп жұмысқа озықтардан озып шыққан екі үміткер қабылданады. Бірі қазақ тілді, енді бірі орыс тілді тележүргізуші.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Бүгін заманның сағат сайын емес, минут сайын өзгеріп жатқанын ескерсек, кәсіби жүргізушілер, жаңа заманның талаптарына сай келетін жаңа жүргізушілер, арналарымыздың жаңа бет-бейнесін табу – біз үшін басты мақсат. Мұның әлеуметтік жағы да бар. Кейбір адамдар «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh TV» «Ел арна» жүргізушісі болу оңай емес, қиын, түрлі бюрократия бар деген ой қалыптасуы мүмкін. Осы кастинг ондай кедергінің жоқтығын, ондай стереотиптігінің бос екендігін көрсетеді.

Айгүл Мүкей, Зейін Әліпбек сынды көрерменге бұрыннан көзтаныс болған «Хабардың» тарландары «Хабарда» қалады. Олардың орны ерек екені анық. 24 жылдың ішінде агенттіктен Дана Нұржігіт, Айдос Үкібай, Ләззат Танысбай, Ерлан Бекхожин секілді белгілі дикторлар түлеп ұшты. Тележүргізушілер фабрикасына айналған «Хабар» бұл дәстүрді әрмен қарай жалғастырмақ ниетті.

«Хабар» ақылына көркі сай жүргізушілерді іздеп жатыр. Өйткені жаңа маусымда агенттік тың жобалармен ерекшеленбек.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

– Жаңа маусымда өзекті мәселелерді қаузайтын өткір жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалар көрсетеміз. Мысалы ретінде әкімдер жайындағы жаңа жоба туралы айтып кетуге болады. Бұл бағдарламада ауыл, аудан не облыс басшысының жұмысына халықтың өзі баға беруге мүмкіндік жасаймыз. Нақтырақ айтқанда, тұрғындар біз арқылы жергілікті жердегі шағымын жеткізе алады.

Енді бір жағымды жаңалық, 9 бен 14 жас аралығындағы балаларға қатысты. Биыл Junior Eurovision-де ел намысын қоғайтын Ержан Максиммен бірге Польшаға барып, оның әлемдік ән сайысындағы қорытындыларын жариялайтын жүргізушіге де кастинг ұйымдастырылады. Бұл туралы толық ақпаратты «Хабар» Агенттігі алдағы уақытта хабарлайды.

Авторлары: Ж.Біркенов және Е.Зайытхан

Толық ақпаратты casting.khabar.kz сайтына кіріп, таныса аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы