389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды іргесіндегі Күнгей тұрғындарының талабы орындалады

  • 211
  • UPD: 23:57, 17.09.2019

Қарағанды қаласындағы Күнгей ықшам ауданының тұрғындары жолдың, судың, электр қуатының жоқтығын айтып, облыс әкімінен көмек сұраған болатын.

Жұрттың сол жанайқайы жоғарыға жетті. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов жергілікті халықпен кездесуге барып, жұмыс жоспарымен таныстырды.

Қаланың іргесіндегі Күнгей ықшам ауданында 4 мыңнан астам жер учаскесі болса, соның 90 проценті 2006 жылға дейін ешқандай инфрақұрылымсыз үлестіріліп жіберілген. Соның салдарынан қазір тұрғындардың көпшілігі сусыз, тоқсыз отыр. Ол мәселені шешу үшін 620 миллион теңге қаржы қажет. Биыл қазынадан 75 миллионы бөлініпті. 

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

– Тоқтан бастаймыз. Электр тоғынан бастап, қосымша суды да жүргіземіз. Ақша бар, мердігер белгілі болады. Жұмысты биыл бастап, келесі жылы толық бітіреміз деп ойлаймыз.

Күнгей ауданындағы жолдың сапасы да сын көтермейді. Бүгінгі күнге дейін тек 6,5 шақырымы ғана жөнделіпті. Қалғанын қалыпқа келтіру үшін ең әуелі инфрақұрылымды реттеу керек. Жауапты мамандар 2021 жылға дейін жол мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. 

Әлібек Бейсенбеков, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м. а.

– 2018 жылы 16-маршрут жүретін жол жөнделген болатын. 2019 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Күнгей ықшам ауданында 2 жол жөнделді. Орташа жөндеу жұмыстары орындалды. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталды.

Қазір ықшам ауданда 3 мыңнан астам халық тұрса, соның 386-сы – мектеп жасындағы балалар. Оларды білім ошағына жеткізу де жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған.  

Облыс әкімі халықты қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуді жауапты мамандарға тапсырды. Сонымен қатар автобустардың кестеге сай жүруін қадағалау үшін аялдамаларға бейнекамера орнатылатын болды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы