389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде екпеден бас тартқандар саны 14 мыңға жуықтаған

  • 192
  • UPD: 11:31, 18.09.2019

Биыл елімізде 10 мыңнан аса адам қызылшамен ауырған. Деректерге сүйесек, оған екпе алмаған әрбір үшінші бала шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бүкіл әлемде қызылша ауруының өсуі байқалады. Бұл аурудың алдын алу үшін денсаулық сақтау министрлігі 16 қыркүйектен  егу шараларын бастады. Бұл мақсатқа 2 миллионға жуық дәрі-дәрмек сатып алынған.

Екпе дерттен қорғай ма? Бұл сауалға келгенде жұртшылықтың пікірі екіге бөлінеді.. Әсіресе, вакцина баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді, деп қарсылық білдіретіндер де жиі кездеседі. Елорда тұрғыны Гүлзия Жаналиева екі баланың анасы. 3 жасар қызына қатысты екпенің бәрін алған. Бірақ әр вакцинадан кейін жиі ауырып қала бергенін айтады. Ал, ұлына дәрігерлердің өзі жасқа толғанша екпені тоқтата тұруға кеңес берген. Жақында Мүсілім екіге келеді. Анасының айтуынша, әлі ешқандай ауруға қарсы вакцина салдыртпаған.

Гүлзия Жанәлиева, қала тұрғыны:

- Мен қазір шынымды айтсам қашқақтап жүрмін. Себебі қызымда иммунитеті төмендеп, өзім сол екпеден шығар-ау деген күдік болғандықтан, ұлыма екпе салдыртуға қорқақтап жүрмін. Бірақ 1,5 жылдан кейін балабақшаға баруымызға тура келеді. Сондықтан екпені алуымыз керек.

Ал, Рахия Сәбиева көпбалалы ана. 4 баласына түгелдей қажетті екпенің бәрін салдыртқан. «Ол уақытында қойылған вакцина түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Адамның иммунитетін көтереді», деп сенеді. Екпе денсаулыққа кері әсерін тигізеді, қауіпті дегенге мүлдем сенбейді.

Рахия Сәбиева, қала тұрғыны:

- Дәрігерлердің кеңесін бұлжытпай орындадым. Бала туылғаннан кел деген уақытында барып, әр ауруға қарсы екпелерін алып тұрдық. Балаларым аман-есен өсіп келеді. Ешқандай жұқпалы дертке шалдықпағаны дер кезінде вакциналарын алып тұрғаннан шығар деп ойлаймын.

Балаларының екпе салдыру құқығын бұзған ата-аналар жауапкершілікке тартылмақ.Яғни вакцина еккізбегендер әкімшілік айыппұл төлеуі мүмкін.   Ал, екпе алмаған бала инфекция жұқтырса, ата-анасы еміне қаржыны өз қалтасынан шығарады. Одан бөлек, туғалы екпе көрмеген баланы балабақшаға да қабылдамайды.  Халық денсаулығы туралы жаңа Кодекске осындай нормалар енгізілуі жағу қарастырылып жатыр.  Әзірге бұл тек ұсыныс.  Талап қатаңдатылса ата-аналардың жауапкершілігі артады.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір біз бірінші кезекте екпе салдыртудан бас тартатын ата-аналармен жұмысты күшейтіп жатырмыз. Олардың әрқайсысымен жеке кездесіп, түсіндіру шараларын бастап кеттік. Біздің мақсатымыз аурудың алдын алу. Әсіресе, балалардың арасында өлім -жітімді болдыртпауға басымдық беріліп отыр. «Денсаулық туралы» кодекс қабылданғаннан кейін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс бойынша тәртіптік шаралар қолдану көзделген. Бұл әзірге ұсыныс қана.

Қазір елімізде екпеден бас тартқандар саны 14 мыңға жуықтаған. Дені созылмалы ауруды асқынып кетеді деп қорықса, тағы бірқатары діни сенім-нанымды желеу етеді.

Айта кетейік, екпе салдыртпағандарды жауапкершілікке тарту әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Олардың қатарында Франция, Италия  мен АҚШ сияқты мемлекеттер бар. Бүгінгі таңда 19 инфекцияға қарсы вакцинация міндетті.Оған дифтерия, қызамық, туберкулез сияқты аурулар кіреді.

 

Хабар 24 телеарнасы