389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да кісі өліміне қатысты қылмыстың 82% ішімдіктің салдарынан болады

  • 261
  • UPD: 10:20, 22.09.2019
ШҚО-да кісі өліміне қатысты қылмыстың 82% ішімдіктің салдарынан болады

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 13 мың қылмыс тіркелген.

Азаматтарды ауыр қылмысқа итермелейтін басты себептің бірі – ішімдік. Мысалы аймақта кісі өліміне қатысты тіркелген деректердің 82 процентінде адамдардың алкогольдік сусын ішіп, қылмысқа барғаны анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев Алтай және Қатон-қарағай ауданы халқымен кездесуінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Алтай қаласының тұрғындары жыл сайын тек спирттік өнім алу үшін 2 миллиард теңге жұмсайды екен. Бұл қаланың әлеуметтік, мәдениет және спорт саласына бөлінетін қаржыдан 2 есе көп. Өңірдің бас полицейі қауіпсіздікті күшейтуге байланысты берген тапсырмалармен де таныстырды. Жиыннан соң полиция департаментінің өкілдері халық арасына шықты. Жол бойында қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың арыз-шағымы тыңдалды. Мәселен, Алтай қаласының халқын жол-көлік апатының жиілеп кеткендігі қатты алаңдатып отыр. Сондықтан олар жол қозғалысын ұйымдастыруға қатаң көңіл бөлінсе деген талап-тілегін жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай билік пен халық арасының жақындауы үшін бұндай бетпе-бет жүздесулердің маңызы зор болмақ.

Жанарбек Бақтыбаев, облыстық полиция департаментінің басшысы:

– Әр түрлі форматтағы кездесулердің маңызы зор. Өйткені осы арқылы халық тәртіп сақшыларының қызметімен жақынырақ таныса алады. Ешқандай қиындықсыз көкейлеріндегі сауалды қойып, ойларын жеткізуге мүмкіндік бар. Барлық көтерілген мәселелер алдағы уақытта ескеріліп, назарға алынатын болады.

Хабар 24 телеарнасы