388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда балабақшаның жекеге өтетіні туралы хабардан кейін ата-ана алаңдаулы

  • 241
  • UPD: 22:36, 27.09.2019

Атырауда балабақшадан шу шықты. Әңгіме былай. Биылдан бастап, ескі ғимараттарда орналасқан балабақшаларды жекенің басқаруына беру туралы жергілікті биліктен бастама болған. Қазір 14 балабақшаның құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді. Бірақ осы жаңалықты естігелі ата-аналардан маза қашты. 

Атырауда балабақшадан шу шығып жатыр. Ата-аналар бөбекжайлардың жекеменшік серіктестікке  берілуіне қарсы. Биылдан бастап ескі ғимаратарда орналасқан балабақшаларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің басқаруына беру туралы жергілікті биліктен бастама болған. Бүгінде 14 балабақшаның құжаттары дайындалуда. Алайда оны естігелі ата-аналардан маза қашты. Олар жекеменшікке өткен бөбекжайдың болашақ иесі төлемақыны көтеріп жібере ме деп қорқады.

Бұл қала іргесіндегі Тасқала ауылындағы «Рауан» балабақшасының алдындағы жиын. Сәбилері тәрибеленіп жатқан мекеменің ендігі тағдырына алаңдаған ата-аналар әкімдіктің бастамасына жаппай қарсы пікір білдіруде. Себеп, жекеге өткен балабақшаның айлық төлемақысы өзгермесіне сенбейді. 

Гүлсім Меңдиярова, қала тұрғыны:

- Қазір 10,5 мың ақша төлейміз. Ал ертең 30-40 мың болса қалай төлейміз? Төлей алмаймыз. Мен бере алмаймын 5 немеремді. Жекеменшікке біз қарсымыз! 

Әсем Ташенова, ата-аналар кеңесінің төрайымы:

- Төленетін сомамыз 10 мың теңгемен қалады деп сендірді. Бірақ оның солай қаларына бізге жүз процент кепілдік жоқ. Себебі біздің ауылда көп балалы отбасы көп. Бір үйде бестен-үштен бала бар. Қарсымыз, естігелі бәріміз қорқып отырмыз. 

Балабақшаларды жекенің сенімгерлік басқаруына беру жобасы Атырау үшін қанатқақты жоба.  Оның артықшылықтары мен ерекшелігі туралы арнайы ұйымдастырылған келелі кеңесте жергілікті билік былайша түсіндірді. 

Ұлықбек Тінәлиев, қала әкімінің орынбасары:

- Балаларыңыз үшін бұрын қанша төлеп келсеңіздер, сол ақы өзгермейді. Кәсіпкердің қалған шығынын әкімдік мойнына алып отыр. Сондай-ақ, сенімгерлікке алынған ғимараттағы әрбір өзгеріс біздің бақылауда болады. Алаңдауға еш негіз жоқ. 

Алайда бұл уәжге ата-аналар сенбейді. Себебі көпшілігі жекеменшік балабақшаның жағдайымен жете таныс. Бала тәрбиесінен бизнес жасамақ болғандар бағаны мың құбылтады дейді. 

Әсемгүл Қожахметова, қала тұрғыны:

- Көтерілмейді деп 35 мың мен апардық, бір жылдан кейін 45 мың болды. Жақсы мен төлермін. мысалы жағдайы жоқ ата-аналар бар ғой. Өзгермейді дейсіздер, түбі бәрібір өзгереді. 

Осылайша екіге жарылған пікірлер бір арнаға тоғыспай тарасты. Жалпы, Атырау қаласы бойынша қазір 56 балабақша жекеменшіктің иелігінде. Оған қосымша биыл жеке инвесторлардың есебінен тағы 9 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Ал сенімгерлік басқаруға ұсынылғандар 1972-86 жылдары іргесі қаланған ескі ғимараттар. Оларды күтіп ұстау үшін әрбіріне  бюджеттен айына 11 млн теңге шығындалады екен. Енді бөбекжайларды жекеге өткізіп, жергілікті билік бюджет үшін артық  шығыннан арылмақ. Алайда, оны көпшілік қолдап отырған жоқ. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы