389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аружан Саин: Сал ауруын емдеуде 3 жасқа дейін балаларда көп мүмкіндік бар

  • 133
  • UPD: 09:08, 03.10.2019

Сал ауруына шалдыққан балаларды туа салысымен емдесе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Бұл үшін арнайы орталық керек. Балалар құқығы бойынша уәкілетті өкіл Аружан Саин Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа №1 Сәбилер үйін сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндерді ерте жастан емдейтін орталыққа айналдыру туралы өтініш айтқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, бұл бастама қала басшылығы тарапынан қолдау таппай отыр.

Айдана Сағымбекованың ұлы Аянға 9 айына дейін нақты диагноз қойылмаған. Тек уақыт өте келе дәрігерлер сал ауруының белгілерін анықтаған. Сол сәттен бастап емдеу шараларын жасаған ата-анасы көп уақыт өтпей бала денсаулығындағы жақсы өзгерістерді байқайды. «Егер дүниеге келе салысымен емді бастасақ, аты жаман ауруды тезірек жеңер едік», - дейді Айдана.

Айдана Сағымбекова, Аянның анасы:

- Ертеден білсек, әрине, балаға көп өзгерістер болар еді. 3 жасқа дейін балада көп мүмкіндік бар. 3 жасқа дейін баланың буындары бәрі бос болады. Сол жасқа дейін анықтаған дұрыс. Біз енді 9 айға дейін білмей келдік. Аллаға шүкір, енді осы орталықтан жүреміз деп отырмыз.

Балалар құқығы бойынша уәкілетті өкіл Аружан Саин 2012 жылы қаладағы бала саны аз екі Сәбилер үйін біріктіріп, біреуін ерте ем жасау орталығына айналдыру туралы ұсыныс жасаған. Артынша, №1-ші Сәбилер үйі босатылған. Алайда, көп жылдар бойы иессіз тұр. Балалар жанашыры сал ауруымен дүниеге келген сәбилерді арнайы орталықта емдесек, мүгедектіктен құтқарар едік дейді.

Аружан Саин, Балалар құқықтары бойынша уәкілетті өкіл:

- Егер біз балаға туа салысымен заманауи медицина бойынша көмек көретпесек, 3 жасында кеш болады. Диагноз қойыла салысымен арнайы орталықта емделу керек. Мұндай орталық Қазақстанда жоқ. Уақыт өте келе ата-аналар, мемлекет бұл балаларды оңалтуға өте көп қаражат жұмсайды. Алайда, кеш жасалған емнің нәтижесі де шамалы.

№1 Сәбилер үйі бұрын қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына тиесілі болған. Қала әкімдігі бұл ғимаратты «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» берілгені туралы хабарлаған. Аружан Саинның айтуынша, онда кәсіпкерлер жекеменшік балалар бақшасын ашпақ.

Зульфия Байсакова, «Дағдарыс орталығы одағы» бірлестігінің басқарма басшысы:

Ғимараттың «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» қашан берілгенін, оның осы уақытқа дейін бос тұру себебін анықтау керек. Әрине, ғимаратты балаларды емдеу орталығына айналдыру қажеттілігі болса, неге оны жасамасқа?!

Статистика бойынша 1990 жылы Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда 23 балаға сал ауруы деген диагноз қойылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш үш жарым есе өскен. Мамандар «дерттің ауыр салдарының алдын алуға болады» деп отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы