389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу басталды

  • 113
  • UPD: 12:46, 08.10.2019

Павлодар  облысында тұрғындарды қызылша, қызамық және тұмауға қарсы егу науқаны басталды. Биылғы жылы 62 мыңнан астам  вакцина алыныпты.

Жұқпалы ауруларға қарсы егуді кейінге қалдыруға болмайды дейді мамандар. Уақытында жасалған екпе адам ағзасының ауруға қарсы тұру  қабілетін арттырады.

Тұмауға қарсы жаппай егу науқаны қазанның 1-інен басталды. Дәрігерлер облыс тұрғындары суық түскенге шейін  екпе жасатып үлгеруі тиіс екенін айтады. Өйткені  ауру тараған кезде  салынған дәрілік препараттың әсері болмайды. 

Лаура Исабекова, №3 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Тұрғындар арасында қызылша, қызамық, тұмаудың таралмауы үшін екпені дәл осы уақытта жасатқан тиімді болады. Қызылшаға қарсы қосымша иммундау қазанның соңына дейін, ал тұмауға қарсы екпе қазанның  20-на дейін жалғасады. Бұл ауруға қарсы иммунитет қалыптастыруға  қолайлы кезең. 

Дәрігерлер екпені бірінші кезекте жүкті әйелдерге, жүрек пен өкпенің  созылмалы ауруына шалдыққан науқастарға және жиі ауыратын балаларға жасайды. Райхан Мұсаева емханаға екі баласын алып келді. Күздің қара суығы келе жатыр. Сондықтан сақтық шараларын ерте бастан қолға алдым дейді жас ана.

Райхан Мұсаева, қала тұрғыны:

- Мен тұмауға қарсы екпені екінші жыл қатарынан салдырып отырмын. Жұқпалы індет тез тарайды. Баласы бар адам одан сақтануы керек. Ал, вакцинаны баласымен бірге анасы да алуы керек. Өйткені екеуінің арасында байланыс бар. 

Облыс орталығындағы №3 емхана биыл  7 мыңдай қала тұрғынына екпе жасауды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде тұмауға қарсы вакцинаның 2 900 мөлшері алынған. Ағымдағы жылы қызылша мен қызамыққа қарсы 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтар және жаңа туған нәрестелер егіліп жатыр. 

Мақпал Сағындықова, отбасы денсаулығы орталығының меңгерушісі:

- Өткен жылға жасалған сараптамадан байқағанымыз тұмаумен екпе жасалмаған балалар көп  ауырыпты. Ал қызылшаға иммунды жүйесі нашар жастар шалдыққан. Өйткені жастар көп жүреді. Бұл халықтың  жұмыс істейтін тобы. Сондықтан қызылшаға шалдығу көрсеткіші жоғары болды. 

Тұмауға ресейлік,  қызылшаға қарсы үндістандық препарат салынып жатыр. Мамандар екі вакцинаның да сапасы жоғары екенін айтады.  Ұлттық сараптамалық орталықпен бекітілген.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Кейбір адамдар екпе жасатудан саналы түрде бас тартып жатады. Дәрігерлердің айтуынша бұл үлкен  қателік. Жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасатпаған адамның ауру жұқтыру көрсеткіші жоғары болады. 

Вакцинациялау науқаны аймақ  тұрғындарының шамамен 10 процентін қамтиды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 62,5 миллионов теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда жұмыстың 80  проценті орындалды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы