389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 13 мыңнан астам үлескер құрылыстың бітуін күтіп отыр

  • 127
  • UPD: 20:35, 08.10.2019

Халыққа баспана салып беремін деп алдап, тақырға отырғызып кеткен алаяқтардың орны - түрме.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне мәселемен айналысуды тапсырды.

Елордада 13 мыңнан астам үлескер құрылыстың бітуін күтіп отыр. Құйған ақшасын қайтара алмай, соттасып жүргендер тағы бар. Елорданың алдағы дамуына арналған мәжілісте Мемлекет басшысы осы проблемаға жеке тоқталды. 

Бұл қала ел астанасы болғалы тұрғындары 1 млн адамға көбейген. Сырттан көшіп келушілер саны артқан сайын баспанаға да сұраныс өсті. Әркім өзіне тиімді жолды іздейді. Үлескерлер де солай. Құрылыс компаниясының уәдесіне сеніп, тәуекелге барды. Бірі қоныс тойын жасап қуанса, бірі бармағын тістеп, өкініп қалды. Сәуле Абдуалиеваның отбасы бірнеше жыл бұрын пәтердің құнын толық өтеген. Ал үй құрылысы бітпек түгілі, жөнді басталмаған да. Үлескерлер баспанасыз қаламыз ба деп қорқады.

Сәуле Абдуалиева, қала тұрғыны:

– 2016 жылдың қаңтарында «Жағалау» тұрғын үй кешенінің құрылысына үлескер ретінде қосылдым. Қосылған себебім, сол кезде бір акция болды. Зейнеткер ретінде мен үшін сол акция тиімді болды. Сол кезде пәтер құнын толық төледім. 2017 жылдың желтоқсан айында тапсырамыз деп уәде берген еді. Сол кезде қуанған едім. Енді 4 жыл өтті, құрылыстың бітетін түрі жоқ. Қоңырау шалсақ, уәде беруден жалықпайды. Айтуларынша, қаражат жетпей жатыр.

2 жыл бұрын бұл нысанды мемлекеттік бағдарлама арқылы саламыз деген. Алайда құрылыс әлі тоқтап тұр. Бас қаланы бұған дейін басқарған әкімдердің бәрі де осы үлескерлер проблемасын шешеміз деді. Алданып қалғандармен кездесулер өткізді, қабылдаулар ұйымдастырды. Біраз алаяқ түрмеге де отырды. Экс-әкім Бақыт Сұлтанов арнайы жол картасын жасап, проблема 2022 жылы түбегейлі жойылады деген еді. Бұрын 68 проблемалық нысан болса, қазір 49-ға азайды. Мұның өзі аз емес, мыңдаған үлескер үйін күтіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан бар. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтіп отыр. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Олардың біразында жобалық-сметалық құжаттары болмаған. Алаяқтар тұрғындарды алдап соққан. Қазір олар түрмеде отыр және заңға сәйкес жауапкершіліктері бар. Олар құжаттарын жоғалтып алған немесе бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы құжаттарын әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз.

Шаһар басшысы тапсырманы орындаймыз деп уәде берді. Әр үйдің жеке жол картасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Қазір алаяқтар көбейіп кеткен. Әсіресе, құрылыс саласында. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі осы мәселемен нақты айналысу керек. Алаяқтар түрмеде отыруы қажет.

Үлескерлердің тағы бір проблемасы – үйлердің сапасыз салынуы. Құрылыс компаниялары жұрттан жинаған қаржысын жеткізе алмай ма, сапаға асты-үсті қарайды. Ал қала әкімі тұрғын үйлерді қабылдап алу талабын күшейту керек, дейді. Себебі комиссия құрамы қысқартылған. Тапсырыс беруші, мердігер бар, әйтеуір, өзді-өзді құжаттарды реттей салады.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Құрылыс компанияларының барлығы бірдей адал жұмыс істемейді. Үлескерлердің проблемасы неден туындады? Жеке құрылыс компанияларына мемлекет сенім артты, халық сенім артты. Ал олар алдап кетті. Сондықтан бұл жерде жауапкершілік екі жатқан да болуы керек. Мемлекет те, бизнес құрылымдары да жауапты. Мемлекет қазір нысанды қабылдап алатын мекемелердің санын қысқартты. Мысалы, өрт қызметін, басқа да мамандарды алып тастады. Алайда кейбір құрылыс компаниялары мұны асыра пайдаланып отыр.

Жалпы елімізде 200-ден астам нысанды үлескерлік құрылысына рұқсат алған компаниялар салып жатыр. Көбі елордадағы құрылыстар. Президент пәрмен беріп, бұл проблемамен айналысуды тапсырғаннан кейін, Сәуле Абдулалиевада бір үміт пайда болды. Көптен күткен баспанаға кірер күн туса дейді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Өмірбек Изимов 

Хабар 24 телеарнасы