389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батысқазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерін не толғандырады

  • 117
  • UPD: 21:33, 08.10.2019

Батысқазақстандық кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерін толғандыратын мәселелер аз емес.

Жайық өзенінің соңғы жылдары тым тартылып кетуі, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жеткіліксіздігі, сосын маман даярлау ісі секілді өзекті түйткілдер бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен кездесуде ортаға салынды. Ал қоғамдық кеңес өкілдерімен болған жүздесуде негізінен әлеуметтік мәселелер сөз болды.

Өңірдегі мәслихаттардың құрамы әр алуан. Халық қалаулыларының қатарында қарапайым мамандық иелерінен бастап, ірі бизнес өкілдері, түрлі кәсіпорын жетекшілері де бар. Сондықтан шығар бүгінгі басқосуда экономиканың сан саласына қатысты проблемалар айтылды. Кездесудің мақсаты да қоғамды қазір не толғандыратынын білу болатын.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Осы жаққа келіп, кездессем деген себебім, сіздердің ой пікір, көзқарастарыңызды біліп, тыңдап, бірге ақылдасайық деп келіп отырмыз. Ашық әңгіме болсын, қандай сұрақтар бар, айта беріңіздер.

Ал халық қалаулыларын ойландыратын өзекті мәселелер аз емес. Соның бірі – ауылшаруашылық саласын дамыту жайы. Депутат Қатауолла Ашығалиев атап өткендей, көрші Ресейде аталған салаға 10%, Беларусьта 18% дейін демеуқаржы төленсе, Қазақстанда 3% екен. Отандық шаруалар оның өзіне зар боп қалған жайы бар. Күні бүгін Орал өңірінде 3 жарым миллиард теңге субсидия шаруаларға төленбей отыр.

Қатауолла Ашығалиев, облыстық мәслихат депутаты:

– Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау міндетті түрде қажет. Мәселен, жер құнарлылығы бізден жоғары бола тұра, солтүстікте шектесетін Ресейдің Орынбор облысының бес ауданын жартылай шөлейт аймақ деп жариялады. Түрлі преференциялармен жарылқап тастады. Сауда сөрелеріне қарасаңыз да, импорттық азық-түлік толып тұр. Бүгін ауылшаруашылық саласына сусбидия берілмесе, ертең өзге елдің шаруаларын асырайтын боламыз.

Орал – елдің батыс қақпасы. Өңір Ресейдің 5 бірдей облысымен шектеседі. Қажетті су ресурстарының 80% да көрші елден келеді. Алайда кейінгі кезде Жайық тартылып барады. Шаруалар су тапшылығын тартып отыр. Бұл экологиялық ахуалға да әсер етуде.

Нұрлан Серғалиев, облыстық мәслихат депутаты:

– Біздің ұсынысымыз осы екі мемлекет қосылып, бір бағдарлама керек. Біріншіден, ғылыми жұмыстарды бастап, зерттеу қажет. 30 жыл зерттеу өткізілген жоқ. Ол не себептен, су азайып жатқанын. Климат жағынан ба немесе гидро қондырғылар ма, көпір салып жатыр ма? Соның бәрін екі мемлекет қосылып, зерттеп, ұсыныс беру керек.

Өз кезегінде Сенат төрағасы бұл маңызды мәселенің мемлекетаралық түрлі кездесулерде көтеріліп жүргенін айтып, Ресейге алдағы сапарында басты назарда ұстайтынын жеткізді. Жалпы өңірдің өзекті проблемаларын шешу үшін арнайы парламенттік тыңдау өткізу қажет, - деді Дариға Назарбаева. Әр аймақ басшысы өз жұмысы мен бюджеттің орындалуы туралы парламентте есеп берсе, биліктің түрлі тармақтарының бірлескен іс-қимылы да тиімді болмақ. Қоғамды толғандыратын жайттарды шешуге тек мәслихат қана емес, қоғамдық кеңестер де атсалысып жүр. Бүгінде елімізде 200-дей қоғамдық кеңес болса, Батыс Қазақстан облысында 14 кеңес қызмет атқарады. Олар қашан да халықпен бірге.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Осы қоғамдық кеңестің маңызды мақсаты – елмен, халықпен жақын болып, олардың ой-пікірлерін маслихатқа жеткізу, әкімге әкеліп, шешілмей жатқан проблемаларды көтеру. Бірталай жұмыс істеліп жатыр. Қоғамдық кеңестер халыққа ең жақын азаматтар деп сенімдеміз.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Орал өңіріне сапары барысында іскер әйелдермен де кездесіп, нәзік жандардың мемлекеттік басқару ісі мен саясаттағы орнын атап өтті.

Авторлары. Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы