428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қатонқарағайдың туристік тартымдылығы арттырылмақ

  • 701
  • UPD: 23:51, 19.10.2019

Шығыс Қазақсан облысындағы Қатонқарағай ауданы тұмса табиғатымен танымал.

Бірақ сол мүмкіндік туристік салада пайдаланылмай келеді. Бүгінде бұл саланың аудан экономикасындағы үлесі 0,3% ғана, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саланың білгірлері бұл көрсеткішті еселеп арттыруға болатынына сенімді. Қазір өңірдегі туристік қауымдастық өкілдері Катонқарағайға меймандар тартудың айрықша жобасын бастап кетті.

Табиғатын былай қойғанда, дәмі тіл үйіретін балымен, түрлі емдік шөптерімен және қымызымен танымал Қатонқарағай туризмнің нағыз қайнар көзі екені рас. Тек қана пантымен емдеу шипажайларына ат арылтып келетіндер қаншама?! Дегенмен, жылына бұл өңірге келетін туристер саны бар болғаны 6 мыңның ар жақ-бер жағында ғана. Жергілікті тұрғындардың туристік тартымдылықты кәсіпке айналдыруға қыры жоқ. Ауданда 140-тан астам адам ғана осы салада еңбек етіп жүр.

Ренат Құрмамбаев, Қатонқарағай ауданының әкімі:

- Моңғолияда бір туристік компания бар, соны басқарып отырған әйел адам дүниежүзінен туристерді жинап,осы Қатонқарағайға алып келіп, өзі турмаршрут жасайды. Біздің халық бұл жұмыстың көзін әлі үйренбеген, білмейді. Мысалы жаздың күні туристер келгеннің өзінде кешкі сағат 6-дан кейін тамақ ішетін жер жоқ, ол келетін туристерге өте қолайсыз жағдай.

Осылайша, жұрт иек астындағы игіліктен қағылып келеді. Енді бұл олқылықты жоюға мамандар шындап кірісті. Ауданды дамытудың 10 жылдық жоспары жасалды. Осы уақыт ішінде демалушылар санын жылына 70 мыңға жеткізуге күш салынбақ. Қатонқарағай және Өрел этноауылдарға айналады. Сөйтіп, ауылдықтар жаппай кәсіп көзіне тартылады.

Серік Жүнісов, облыстық туризм қауымдастығының атқарушы директоры:

- Қырғызстанда бар ондай, біздің Алматы облысы Саты ауылында да бүкіл ауыл тұрғындары жыл бойы туристерді қабылдап, сонымен күн көріп отыр. Біз осы екі мысалды Қатонқарағай мен Өрелде жүзеге асыруға келдік.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Киіз үйлер тігіліп, ауыл ұлтымыздың ата дәстүрінен мәлімет беретін ерекше сипатқа енеді. Келген адам өткеннен хабар алып, бір сәт сол заманға саяхат жасауға мүмкіндік алады. Бұдан өзге ауданның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану көзделіп отыр. Велосипедпен серуендеу, қысқы спорт түрлерін дамытуға ден қойылмақ. Осы өлкеден шыққан кәсіпкерлердің бірі өзгелерге үлгі ретінде бұл жобаға 500 миллион теңге демеушілік те көрсетті. Ал пантымен емдеу кешендері кеңейіп, туристер талғамынан шығуға осы бастан әзірленіп жатыр. Бұрын бір мезетте 40 адам қабылдаса, енді 60 адам қабылдауға қауқарлы.

Дариға Исабаева, пантымен емдеу кешенінің директоры:

- Осы жылы қосымша 14 үй салдық, негізінде 8 үй болған, мемлекет те көмек бізге беріп жатыр, жол салып берді. Өйткені туристік салада жол салу міндеті түрде керек.

Жоба жүзеге асса, ауданнан үдере көшкен жұрт нөпірі де азаяды. Ал аудан экономикасына туризмнен түсетін табыс 30%-ке артады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы