423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте бірқатар автобус паркі талапқа сай келмейді

  • 825
  • UPD: 10:19, 29.10.2019

Техниканың едәуір бөлігі ескірген. Жолаушылар тасымалындағы жөнсіз бәсекелестік те тыйылар емес. Бір бағытта қатынайтын қоғамдық көліктер бір емес, әр түрлі компанияға тиесілі. Тасымалдаушылар мен жолаушылардың шағымын тілшіміз тыңдап қайтты.

Шымкенттегі автобус паркінің директоры Елікбай Тоқбергеновтың айтуынша, жолаушылар тасымалы саласында кірістен шығын көп. Бір автобус күнделікті мыңнан астам жолаушы тасымалдауы керек. Алайда қазіргі таңда жеке компаниялардың тым көптігінен, әр автобус нормативі 500-ден жолаушыдан аспай отыр. 

Елікбай Тоқбергенов, жергілікті автобус паркінің директоры:

- Мәселенің түп-төркіні мынада: Әлеуметтік мәртебесіне байланысты жеңілдігі бар жолаушылар, тегін жүретін қариялар, ел бойынша төмен 70 теңгелік жолақы және тасымалдаушы компаниялар арасындағы жосықсыз бәсекелестік күнделікті табыс көлемін орындауға мүмкіндік бермей отыр. Пайдадан шығын көп. Атқарып жатқан қызметіміз ақталмай келеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан бізге ұдайы негізде демеуқаржы бөлінсе екен. 

Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиевтің сөзіне сүйенсек, шырайлы шаһарда орайсыз бәсекелестіктің алдын алынып келеді. 

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Көлік компаниялары арасында жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу керек. Ол жаңағы ереже талаптарында өзінің бекітілген кестелерін сақтау керек. Ұйымдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар заңға сәйкес, қосарлану пайызы қазір жоқ. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында бірнеше бағытта бір нелер қызмет көрсете алады заң талаптарына сай

Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, әр компанияның бағыты әр түрлі. Ал шамамен жылына 7 млрд теңге көлемінде субсидиялау мәселесі келер жылдың басында толық шешімін таппақ. Осылайша тасымалдаушылардың шағымы белгілі. Енді жолаушылардың пікірі қандай? Көрсетілетін қызмет құны сапасына сай келе ме? Өйткені сала мамандарының айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушілерінің қатысуымен қалада жыл басынан 4 ірі жол оқиғасы болған. Оның екеуінде 2 жолаушы қаза тапқан. 

Айта кеткен жөн, Шымкентте қазіргі таңда 25 көлік компаниясы 78 бағытта жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Автобустардың 60 процентке жуығын жаңарту үшін жергілікті Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен 300 автобус сатып алынды. Әрқайсысының құны 301 млн теңге. Жаңа техника қараша айында толық қолданысқа енгізіледі. Қоса кетейік, шаһарда барлығы 1600 автобус бар. Күніне 1 116 автобус қатынайды. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы