387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте мемлекет есебінен жастарға мыңға тарта жалдамалы пәтер беріледі

  • 145
  • UPD: 22:27, 07.11.2019

Шымкентте жыл соңына дейін 828 пәтерлі 14 жалдамалы тұрғын үй мемлекет есебінен жастарға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл баспаналардың құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Ал шаһарда биыл тұрғын үй кезегіндегілердің саны 3,3 процентке артқан.

Қазір қалада баспана кезегінде тұрғандардың саны 40 мыңнан асып жығылады. Соның 11 мыңы – жастар. Жалпы мұндай жалдамалы баспаналар кімдерге беріледі?

Ұлжалғас Жанысбаеваның бұл жалдамалы пәтерде тұрып жатқанына әлі жыл толған жоқ. Жас отбасы мамыр айында баспана кілтін алған. Қазір олар «Shymkent City» қалашығына қоныстанған. Ұлжалғас – 4 баланың анасы. Жұбайы Ербол екеуі 2003 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп өмір сүріп келдік дейді. 2012 жылы үй кезегіне тұрған жанұяға 7 жылдан соң мемлекеттен жалдамалы болса да пәтер бұйырған.

Ұлжалғас Жанысбаева, қала тұрғыны:

– Әрине, өз үйіміздей сезінеміз. Алғаннан кейін үйді ұқыптап барынша ұстап жатырмыз.

Ұлжалғас Қырықбайқызы бұл пәтеріне айына небәрі 8300 теңге төлейді. «Бұл – баға жас отбасыға үлкен көмек. Үйдің коммуналдық шығындары да аса қымбат емес», - дейді ол. Айтпақшы жаңа қоныс болған соң ба, мұндағы көп қабатты үйлерге әлі газ бен жылу берілмепті. Осындағы тұрғындар мәселені қала билігіне жеткізуімізді сұрады. Қыс қыр астында екендігін ескерсе, дейді халық.

Ұлжалғас Жанысбаева, қала тұрғыны:

– Жылуы болашақта болады дейді. Әлі келген жоқ. Жаңа үй болғаннан кейін барлық нәрсе болып тұрады ғой. Көгілдір отынымыз да кешігіп жатыр, әлі келмеді.

Биыл – елімізде Жастар жылы. Осыған байланысты қалада жұмыс істейтін жасы 29-ға дейінгі жастарға 900-ден астам пәтер беру жоспарлануда. Жалпы жыл соңына дейін шаһарда 828 пәтерлі 14 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазір құрылыс нысандары аяқталуға жақын.

Ғалымжан Өтенбаев, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Шымкент қаласында барлығы 24 арендалық тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін 16 тұрғын үй іске қосылады. 898 пәтері соның ішінде екі бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатқан жастарға, көп балалы аналарға бағытталған. Жастар бойынша 304 пәтер. 6 тұрғын үйде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 10 тұрғын үйдің 352 пәтері көп балалы аналарға бағытталатын болады.

Қаладағы Хақназар хан көшесіндегі мына 5 қабатты 30 пәтерлі тұрғын үйде қарашаның соңында жас отбасыларға есігін айқара ашпақ. Мұнда құрылыс жұмыстарының 85% пайызы аяқталған. Ішкі жұмыстарды 20-дан астам маман пысықтауда. Бұл баспаналарда жалдамалы тұрғын үй ретінде беріледі, дейді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасындағылар. Құрылыс нысанының басшысы, прораб Ернар Сариев «өзім секілді жас жанұялар баспаналы болса қуанамын», - дейді.

Ернар Сариев, құрылыс нысанының басшысы:

– Бұл тұрғын үй 5 қабатты. Оның ішінде әр аумақта 6 пәтерден. Оның ішінде бесеуі – 1 бөлмелі. Біреуі 2 бөлмелі. 1 бөлмелі тұрғын үйдің шаршы метрі – 40 квадрат та, ал 2 бөлмелі пәтер 45 квадрат болып саналады.

Жұлдыз Ордабекова, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үйлер қарастырылуда. Бұл «Жастар» бағдарламасы бойынша конкурс жүргізілетін болады. Жыл аяғына дейін құжаттар қабылданады. Жасы 29-ға жетпеген болуы керек. Сонымен қатар 2 жыл Шымкент қаласында тұрақты тіркелген болуы қажет және 2 жыл иелігінде тұрғын үй болмауы тиіс. 5 күн ішінде құжаттар қаралады. Сосын 10 күн ішінде балдық жүйе бойынша есептелетін болады.

«Үйі жоқтың күйі жоқ» деген атам қазақ. Шымкентте 40 024 азамат тұрғын үй алу тізімінде тіркелген. Бұл тізім жыл санап артып барады. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында тұрғын үй кезегінде 34 100 болса, қазіргі көрсеткіш 3,3 пайызға артып отыр. Баспанасы жоқтардың дені – көп балалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы мен мемлекеттік қызметкерлер. Ал биылдың өзінде Шымшаһарда жалпы 27 көп қабатты үй тапсырылады. Оның 11 – кредиттік ал 16 – арендалық баспаналар. Бұл дегеніңіз, жалпы 1554 пәтерді құрайды. Алайда құрылыс қарқын алғанымен үй кезегі баяу қозғалыста.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы